Димаш Құдайберген қатерлі ісікке шалдыққан жанкүйеріне тосынсый жасады

Қазақстандық жұлдыз Димаш Құдайберген тағы таңғалдырды. "ТикТок" әлеуметтік желісіндегі жазба авторы былтыр ақпан айында болған ерекше оқиғаны айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алматыда Абай көшесіндегі онкологиялық ауруханада Мұхан есімді жақынымызды отаға дайындап жүрген едік. Ол – Димаштың үлкен жанкүйері. Жиеніміз Салтанат әншінің электронды поштасына Мұханның жағдайы мен оның өнерін ерекше жақсы көретіні туралы хат жазған екен. Әдетте Димаш әлеуметтік желі мен поштаны жиі тексермейтін көрінеді. Алайда, сол күні хатты кездейсоқ оқыпты. Ол кезде Димаш Алматыдан Ыстамбұлға ұшқалы тұрған екен, онда гала концерт өткізу жоспарланған. Әуежайға кетіп бара жатқан жолда ол кенеттен ауруханаға соғып, Мұханның көңілін аулауға шешім қабылдаған, - деп жазды автор.

"20 минутта барамын"

Димаш Құдайберген жанкүйеріне күтпеген тосынсый жасаған.

Димаш "20 минутта барамын" деп хабарласқанда, құлағымызға өзіміз сенбедік. Қатты қобалжып, оның келетінін естігенде абдырап қалдық. Не туралы сөйлесерімізді білмей, өзімізді әзер жинадық. Димаш келген кезде күйеуім жатқан бөлімде у-шу басталды. Науқастар бөлімге жиналмас үшін оны басқа есіктен кіргізді. Бұл кездесу ешкім күтпеген тосын жағдай болды. 24 ақпан, сенбі еді. Димашпен суретке түсу үшін медицина қызметкерлері кезекке тұрды. Кейін бізге 10 минутқа қонақ бөлме беріліп, Димашпен жеке сөйлесуге мүмкіндік туды.

Димаш емнің барысын сұрап, болашақтағы жоспарлары туралы айтып берді. Ол жұмысы мен Отанын қалай жақсы көретінін сөз етті. Өзінен қандай көмек қажет екенін сұрады. Бірақ біз одан көмек сұрауға қысылдық. Сол сәтте Мұханның эмоционалдық жағдайы бәрінен маңызды болды, - деп бөлісті автор.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы