Димаш Құдайберген Нью-Йоркте жеке концертін береді
Димаш Құдайберген 5 қазанда Нью-Йорк қаласындағы әлемге әйгілі Madison Square Garden сахнасында "Stranger" атты жеке концертін өткізеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл жаңалықты әнші 26 мамырда Алматыда өткен D&Dears фан-кездесуінде жария етті.
Stranger шоуы — Димаштың ерекше вокалдық диапазоны мен сахналық образын танытатын жаңа концерттік бағдарламасы болмақ. Madison Square Garden – әлемдегі ең әйгілі концерт алаңдарының бірі, онда өнер көрсету – кез келген әртіс үшін үлкен мәртебе.
Димаш бұған дейін, 2019 жылы Нью-Йорктегі Barclays Center аренасында аншлагпен концерт өткізген болатын. Ол кешке 63 елден тыңдарман жиналған еді.
26 мамырда Алматыда өткен D&Dears фан-кездесуіне әлемнің 45 елінен 10 мыңға жуық жанкүйер келді. Бұл шара Димаштың туған күніне орай ұйымдастырылған еді.
Сахнада Димаш Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегеновамен тікелей байланысқа шығып, өнер жолындағы батасын алды.
Туған күнің құтты болсын! Абыройлы бол! Денің сау болсын! Сені туған ата-анаңнан айналайын!Бүкіо әлем естісін біздің Димашымыз қандай деп. Димаш деген аттың барлығы керемет жігіттер, - деді Бибігүл Төлегенова.