Димаш Құдайберген: Адам өмірін адам өлімімен құтқару - ойға қонымсыз

Бұл туралы елордада өтіп жатқан І Орталық Азия медиа форумында әнші Димаш Құдайберген мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Танымал әнші Димаш Құдайберген Біріккен Ұлттар Ұйымы резолюциясы бекіткен 21 қыркүйектегі «Халықаралық бейбітшілік күнінің» бейбітшілік идеясы бойынша арнайы сессия өткізіп, сөз сөйледі.

Біз неліктен мыңдаған жылдар бойы тату ғұмыр кешуді үйрене алмай келеміз? Осы сұрақ мені көптен бері мазалайды. Біз бір жағадан  бас, бір жеңнен қол шығаруымыз керек. Жалпы адамзаттың ортақ мүддесі үшін неге біріге алмай келеміз? Бізге не жетіспейді? Арандатып, үгіттеушілердің құйтырқы әрекеттері арқылы ел мен елдің арасына сызат түсіріп, жауластырып, өз амбицияларын жүзеге асыру мақсатында мыңдаған адамды өлімге айдап жатқан соғысқұмарлықты қалай тоқтатамыз? Біз ол үшін не істеуіміз керек? Адам өмірін адам өлімімен құтқару ешқандай құтқару емес! Сылтау! Шын мәнінде адам өмірін адам өлімімен құтқару - ойға қонымсыз, сыйымсыз нәрсе. Соның  бәрін біле тұра әлемде нәсілге бөлініп, дінаралық соғыс, ұлтаралық келіспеушіліктер белең алып тұрған заманда өмір сүріп келе жатырмыз, - деп атап өтті Димаш Құдайберген. 

Айтуынша, бейбітшілік, мейірбандық, адамсүйгіштік ұғымдары қашанда маңызды.

Адамзат өмірде Жаратушының емтиханынан өтіп жатқандығын ұмытып, пенделік тірліктен, кеудемсоқ өркөкіректіктен арыла алмай келеді. Шексіз амбициясымен соғыс бастап жүрген, өздерін "ұлы" санайтын кейбір держава басшылары басқа мемлекеттің ішкі тірлігіне араласып, олардың қалай өмір сүруі керегін неге шешуі керек? Олар Құдай емес қой! Мен әлемде көптеген мемлекетте болдым. Түрлі халықтардың мәдениетімен танысып жүрмін. Осы  уақыт аралығында түсінгенім, кім қалай ойласа да, халықтың жаманы жоқ! Ұлттың жаманы болмайды. Тек сол уақыттың еншісіне көз жүгіртіп қарайтын болсақ, осы күнге дейін сол халықтың ойын бұрмалап, өзінің арам пиғылдарын жүзеге асырып жүрген мемлекет басшылары бар. Бұл - шындық! - деді әнші. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы