Димаш Құдайберген Нью-Йоркте жеке концертін береді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылы 10 желтоқсанда Нью-Йорктегі (АҚШ) «Barclays Center» аренасында әлемдік жұлдыз Димаш Құдайбергеннің (DQ) жеке концерті “Арнау” бағдарламасымен өтеді.
Концертті ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі. Концерт АҚШ-тағы Қазақстан Республикасының мәдени күндері аясында және Жастар жылы-2019 шеңберінде өтпек.Димаш Құдайберген – «Халық сүйіктісі» Ұлттық премиясының лауреаты, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға лайықты үлес қосқаны үшін» құрмет грамотасымен марапатталған. 2016 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысының мәдениет саласындағы Мемлекеттік стипендиясын иеленген.
Димаштың атағы 2015 жылы Витебскіде өткен «Славян базары-2015» әншілердің күрделі шығармашылық байқауында Гран-при жеңіп алған соң шарықтады. Сол жылы ол Стамбулда өткен «ABU TV Song» Халықаралық Азия-Тынық мұхиттық телефестивалінде Қазақстанның атынан алғаш рет қатысты. Кейінірек, 2017 жылы Димаш кәсіби әншілердің Қытайда өткен «I am a Singer» телевизиялық байқауында миллиондаған жанкүйердің жүрегін жаулап алып, әлем жұртшылығына өзін мойындатты.
Димаш Кұдайбергеннің дауысының диапазоны 6 октава. Сонымен қатар, әншіге бас ноталар мен фальцет қол жетімді. Димаштың тембры – лирикалық тембр. Ол әншінің барлық қырын танытатын бельканто әдісін жетік меңгерген. Әншінің табиғи орындауы, әртістік сүйкімділігі, туа бітті әншілік қабілеті ерекше. Әншінің ерекше дауысы Қазақстандағы ғана емес, бүкіл әлемдегі миллиондаған тыңдарманның жүрегін жаулап алды.
«Димаштың концертін АҚШ-та ұйымдастыру біз үшін үлкен мәртебе. Қазақстанның алтын дауысы, Димаш өнер көрсеткен барлық елдегідей, Американың ерке жұртын тәнті ететініне сенімдіміз», - деп атап өтті ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Раимқұлова.
Бұл Американың танымал режиссерлерінің қазақстандық режиссерлермен және хореграф-қоюшылармен біріккен жұмысы болатынын атап өту керек. Жобаның аса құнды тәжірибесі Қазақстанда осы бағытты дамытуға мүмкіндік береді және мәдениетімізді жаңа әлемдік деңгейге көтереді.
Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылы қарашада ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Димаш Құдайбергеннің Лондондағы алғашқы жеке концерті болды. Оған әншінің табынушылары әлемнің түкпір-түкпірінен жиналды, ал билеттер рекордты қысқа мерзімде сатылып кетті.
Билеттердің сатылымы жақында басталады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы