Димаш нағыз рухани жаңғыру болды – Дулат Исабеков

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Біз шетелде кітап шығарсақ болды сонымен қайтамыз. Кітаптарды кім оқып, кім танып жатыр, ол жағына да көңіл бөлуіміз керек. 

Мұндай ойды жазушы, драматург Дулат Исабеков "Атамұра" корпорациясының Ұлттық кітапханаға мың кітап табыстау рәсімінде айтты.

Жазушы жиын барысында қазір кітап шығару оңай емес екенін, оны кітап шығарып жүргендер жақсы білетінін айта келе құнды мың кітапты кітапханаға тегін сыйлау дегеніміз "Рухани жаңғырудың" үлкен тармақтарының бірі екенін жеткізді. 
Белорус жазушысы Светлана Алексиевич Нобель сыйлығын алғанда кітаптарын шығарып, 78 мемлекетте кездесу өткізіп, кітаптарын тегін таратты. Оған мемлекет қолдау көрсетті. Біз жақсы нәрсені ел өзі алып кетеді деп ойлаймыз. Ешкім де алмайды, оны тықпалау керек. Біз шетелде кітап шығарсақ болды сонымен қайтамыз. Кітаптарды кім оқып, кім танып жатыр, міне осы жағына көңіл бөлуіміз керек. Қазақ әдебиетінде мынандай шығарма бар екен деп Францияда немесе басқа елде біреу мақала жазды ма? Міне, осыған күш салуымыз керек, - деді ол.

Д. Исабековтың айтуынша, еліміз жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы, байлығы жағынан бірінші болса да Қазақстанды көбі біле бермейді. "Рухани жаңғыру" аясында жазушылардың еңбегін шетелде кеңінен таныту арқылы елімізді таныстыруға болар еді. Нағыз "Рухани жаңғыру" сол болмақ деген ойын білдірді.

Сондай-ақ, ол "Рухани жаңғыруды" әр жерге тықпалай бермей, орнымен қолдану қажеттігін айтты.
Қазір бір концерт қойсақ "Рухани жаңғыру" дейтін болдық. Оған дейін де концернттер өтіп жатты ғой. Димаш Құдайберген, міне нағыз "рухани жаңғыру". Ол әлемге жалғыз өзі қазақты танытты. Америкадағы тыңдармандарына "Дайдидауды" қазақша айтқызды. Мәскеуде қазақша сөйлеп, ұлттық киіммен шығып, домбырамен ән салды, - деді жазушы.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы