Димаш әлемді бейбітшілікке шақырды
Әнші Димаш Құдайберген Алматыдағы алғашқы концертінде "Бір аспан тағдыры" атты жаңа әнін орындап, әлемді бейбітшілікке шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз, осы стадионда отырған адамдар, әрқайсымыз әртүрліміз, бір-бірімізге ұқсамайтын Құдайдың пендесіміз. Әрқайсымыз әртүрлі мамандық иесіміз. Қазір бір аласапыран заман болып тұр. Шын мәнінде, қазіргі заманға көңілім толмайды. Бұрынғы заманды көрген жоқпын. Алда не болатынын білмеймін. Бірақ, дегенмен қазіргі таңда бір-екі адамның салдарынан көптеген халықтар зардап шегіп жатыр. Рас қой, – деді Димаш Құдайберген Алматыда өткен концертінде.
Артист өз сөзінде үлкендердің кішкентай балалардан өзін ақылды деп санайтынын, дегенмен оларға ілім-білім бергенмен, балалардан да алатын дүние бар екенін ұмытып кететінін айтты. Ол – таза көңіл, мейірмандық, кіршіксіз, риясыз адамға деген махаббат.
Бұл шығарманы үш жыл бұрын жазып бастадым. Әлемде тыныштық болсын деген ниетпен жазылған, жүрегімді жарып шыққан кішігірім композиторлық жұмысым. Сөздің шынын айтайын, Аллаға мың да бір шүкір. Өздеріңіздің тілеулеріңізбен төрткүл дүниені аралап, әртүрлі халықты көріп жүрмін. Бір түсінгенім, қарапайым халықты алып қарасаңыз, жаман ұлт жоқ негізі, жаман ұлт жоқ. Сол ұлтқа ой түйгізетін, айтпай-ақ қояйын, біліп отырсыздар. Әлемде тыныштық болсыншы. Бейбітшілік болсын. Соғыс болмасын. Ешбір халық, ешбір ұлт, ешбір ел зардап шекпесін. Қарапайым халықтың ешбір кінәсі жоқ, сөздің шынына келгенде. Ешбір қарапайым адамның кінәсі жоқ. Соғысты олар емес бастайтын, – деп Димаш Алматыдағы Орталық стадионда алғаш рет "Бір аспан тағдыры" әнін орындады.