#DigitalBridge. Алда бұдан да көп жұмыс күтіп тұр – Мусин

Бірнеше жылдың ішінде форум әлемдік алпауыттардың, соның ішінде Samsung Electronics, EPAM, Playrix, One Web сияқты мықты компаниялар бас қосатын Орталық Азиядағы ең ірі және танымал алаңға айналды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин facebook-те жазды.

Биылдың өзінде форумға 15 мемлекеттен қонақтар мен спикерлер жиналды. Форумды ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ашып, Қазақстанның цифрлық трансформация саласындағы жетістіктеріне тоқталды. Ол біздің еліміздің осы бағыттағы 5 басымдығын – адамға бағдарланған қызметті дамыту, IT-сала үшін қолайлы жағдай жасау, IT-инфрақұрылымды кең көлемде модернизациялау, цифрлық экономиканы және Индустрия 4.0-ді дамыту, адам капиталын нығайту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазақстандық және әлемдік ІТ-индустрия өнімдері қойылған көрмемізбен танысты. Қасым-Жомарт Кемелұлына Astana Hub қызметі, TechOrda, Google for Startups сияқты білім бағдарламасы мен акселераторлар туралы айтып бердім. Және денсаулық сақтау, әлеуметтік, ауыл шаруашылық, салық және т.б. сала бойынша GovTech-жобалары жайлы баяндадым, – деді министр.

Сонымен қатар ол соңғы уақытта біз электрондық үкіметтің инновациялық экожүйесін қалыптастыру бағытында біраз дамығанымызды айтты.

Мәселен, Отбасының цифрлық картасы мен Әлеуметтік әмиян жасалды, KazNedra жер қойнауын пайдаланушылар платформасы, жер телімдерін сату бойынша онлайн-аукцион, мал дәрігерлеріне арналған VetMobile қосымшасы және т.б. іске қосылды. Десек те, алда бұдан да көп жұмыс күтіп тұрғаны сөзсіз. Жалпы, Digital Bridge бірінші күні мазмұнды және жемісті өтіп жатқан сияқты, жағымды жаңалықтар көп болғай, – деп жазды Бағдат Мусин.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы