Digital Qazaqstan: Үкімет жасанды интеллектіні енгізу бойынша жаңа міндеттерді айқындады
Үкімет экономиканы цифрландыруды жеделдетіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және мемлекеттік қаржылық бақылау салаларына жасанды интеллект енгізуді тапсырды.
Премьер-министр Олжас Бектенов экономиканы цифрлық трансформациялау үдерісін жеделдетіп, жаңа технологияларды енгізуден нақты нәтиже алудың маңызын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіге негізделген толыққанды цифрлық экономика құруға көшуді тапсырды. Біз жуырда қабылданған Digital Qazaqstan стратегиясын іске асыруды бастадық. Бұл құжаттың сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар, жаңа ақпараттық жүйелерді формалды түрде енгізуге емес, цифрландырудың нақты нәтижесіне баса назар аудару керек, – деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, он күн ішінде экономиканы цифрландыру аясын кеңейту жөніндегі тәсілдерді енгізу тапсырылды.
Сондай-ақ Президенттің халықтық цифрлық экономика қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы аясында цифрлық жұмыспен қамтудың құқықтық режимін іске асырудың нақты тетігін әзірлеу қажет.
Премьер-министр агроөнеркәсіп кешеніне жасанды интеллект пен заманауи технологияларды белсенді енгізу қажеттігін де атап өтті.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жасанды интеллектіні енгізу үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Өнімділікті болжау, егістіктерді бақылау, шығындарды оңтайландыру және ресурстарды ұтымды пайдалану үшін жаңа технологияларды белсендірек қолдану қажет, – деді Олжас Бектенов.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, жасанды интеллектіні енгізудің басым жобаларын айқындап, кейін оларды кеңінен қолдану жолдарын қарастыру тапсырылды.
Сонымен қатар көлік-логистика саласын цифрландыруды жеделдету қажеттігі айтылды.
Еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту көлік-логистика процестерінің тиімділігіне тікелей байланысты. Алайда қағаз құжат айналымының сақталуы және ақпараттық жүйелердің бір-бірінен бөлек жұмыс істеуі бұл саланың дамуын тежеп отыр, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Көлік министрлігіне Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, 2026 жылдың соңына дейін көлік дәліздерін жедел цифрландыру жоспарын бекіту тапсырылды.
Премьер-министр мемлекеттік қаржылық бақылауды цифрландыру мәселесіне де назар аударды. Тиісті ведомстволарға тәуекелдерді анықтау және заңбұзушылықтардың алдын алу үшін бұл салада жасанды интеллектіні қолдануды күшейту міндеттелді.
Мемлекеттік қаржыны басқару тиімділігін арттыру дәстүрлі бақылау тетіктерінен цифрлық мониторингке және заңбұзушылықтардың алдын алуға көшуді талап етеді. Бұл мәселе бизнеске тексеру жүргізуге мораторий енгізілуі мүмкін жағдайда ерекше маңызға ие. Кәсіпкерлерге шамадан тыс әкімшілік қысым жасамай, тәуекелдер мен заңбұзушылықтарды анықтау үшін жасанды интеллектіні қолдануды қамтамасыз ету қажет, – деді Үкімет басшысы.
Цифрлық құралдар қашықтан талдау жүргізуге, күмәнді операцияларды анықтауға және салықтық әкімшілендірудің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беруі керек.
Қаржы министрлігіне Ұлттық экономика министрлігімен және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, бір ай ішінде тәуекелге бағдарланған бақылаудың зияткерлік жүйесін енгізу тетігін ұсыну тапсырылды.