Бүгiн 2026, 12:30 Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Digital Qazaqstan Battle финалы: Ұлттық стартаптар бәйгесінің жеңімпаздары анықталды

Форумға еліміздің түкпір-түкпірінен келген стартаптар қатысты.

Шымкент қаласында өткен Digital Qazaqstan 2026 форумының сахнасында еліміздің үздік технологиялық стартаптары өз жобаларын сарапшылар мен инвесторларға таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бірнеше ай бойы Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген стартаптар ұлттық деңгейдегі финалға шығу үшін бақ сынап, 19 млн теңге жүлде қоры үшін жарысты. Digital Qazaqstan Battle финалында еліміз бойынша іріктелген 20 үздік жоба нақты нарықта сыналған технологиялық шешімдерін ұсынып, өз өнімдерін Қазақстанда және шетелде дамыту мүмкіндігін көрсетті.

Қатысушылар жасанды интеллект, «ақылды қала», бизнес үдерістерді автоматтандыру, білім беру технологиялары және цифрландырудың өзге де бағыттары бойынша жобаларын таныстырды. Финалистер қатарында JolScan, aitomaton, Lady Taxi, SanEduPortal, Kasibi Taxi, LoyaBonus, Okushy, CortexAI, Proji, zhihaz.kz, SmetaHub, gro.now, Reco, AR Sana, Qalam, Ai-mektep, Mathlab, Help Hand, KenDala және Numerus болды.

Финалдық кезеңде жобаларды мемлекет, инвестиция және технология саласының өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалады. Қазылар құрамында белгілі кәсіпкер әрі инвестор Мұрат Абдрахманов, Freedom Holding Corp. компаниясының технологиялар жөніндегі директоры Ренат Туканов, халықаралық әзірлеуші Нәрікби Мақсұт, Higgsfield AI VP of Talent Далида Еркулиева және IT-қоғамдастық өкілі Сұлтан Ильясов болды.

Тартысты өткен финал қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды. Бас жүлде – 10 000 000 теңге gro.now (Алматы) жобасына бұйырды. Екінші орын мен 5 000 000 теңгені Cortex AI (Қызылорда) иеленді. Үшінші орын және 3 000 000 теңге AR Sana (Астана) жобасына берілді. Сонымен қатар көрермендер таңдауы бойынша Qalam AI (Шымкент) стартабы 1 000 000 теңге сыйақыға ие болды.

Жеңімпаз жобалар:

gro.now – маркетингтік зерттеу және нарықты талдау платформасы

Cortex AI – бүйрек трансплантациясынан кейінгі асқыну қаупін болжайтын медициналық жүйе

AR Sana – балалардың сөйлеу қабілетін дамытуға арналған health-tech платформа

Qalam AI – қағазға жазылған мәтінді танитын және оны талдап, реттейтін «ақылды қалам»

Финалға шығу – өз идеямызды бүкіл ел алдында сынап көруге және сарапшылардан кері байланыс алу үшін үлкен мүмкіндік. Жоба саланың дамуына үлес қосып, жаңа серіктестер табуға көмектеседі деп сенеміз. Бұл біз үшін командамыздың әлеуетін көрсетіп, өңірлерден шыққан жобалардың да ел деңгейінде бәсекеге түсе алатынын дәлелдейтін мүмкіндік, – деді финалға шыққан AR Sana компаниясының бас директоры Айнұр Нұрәділ.

Байқау бірнеше кезеңнен тұрды: алдымен өтінімдер қабылданып, жобалар талаптарға сай тексерілді. Кейін өңірлік жартылай финалдар өтіп, олардың нәтижесінде финалистер анықталды. Қазылар стартаптарды нарықтағы сұраныс, команда сапасы, даму мүмкіндігі және инвестициялық тартымдылығы бойынша бағалады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Digital Qazaqstan Battle – тек қаржылай қолдау алу мүмкіндігі ғана емес. Финалистер кең аудиторияға танылып, инвесторлардың назарын аударып, өз жобаларын дамытуға жаңа мүмкіндіктерге ие болды.

Бұл жоба мықты технологиялық стартаптар тек ірі қалаларда ғана емес, өңірлерде де дамып жатқанын көрсетеді. Финал тәжірибе алмасуға, инвесторлармен байланыс орнатуға және қатысушылардың кәсіби деңгейін дәлелдеуге мүмкіндік берді, – деді Astana Hub бизнес бағдарламалар кеңсесінің директоры Әшімбек Әбілғазинов.

Айта кетерлігі, Digital Qazaqstan 2026 форумы серіктестер мен демеушілердің қолдауының нәтижесінде ұйымдастырылды. Барлық шығын демеушілер есебінен жабылды.