2 Қазан 2026, 15:00 Фото: ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов

Digital Qazaqstan: 2029 жылға қарай қазақстандықтардың өмірі қалай өзгереді?

Астанада өтіп жатқан AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында «Digital Qazaqstan 2029: стратегиядан экономика мен мемлекетті трансформациялауға дейін» тақырыбында панельдік сессия өтті. Онда мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, медицина мен салық жүйесін жаңғырту, сондай-ақ цифрлық технологиялардың экономикаға әсері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Digital Qazaqstan – 2029 жылға дейінгі жалпыұлттық цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу стратегиясы. 

Құжат азаматтар мен бизнеске көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, мемлекеттік басқаруды оңтайландыруға және экономиканың өнімділігін көтеруге бағытталған.

Стратегия аясында мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын көрсету уақытын кемінде 50%-ға қысқарту, IT қызметтер мен цифрлық шешімдер экспортын екі есе арттыру, адал бизнеске жүргізілетін тексерулер санын екі есе азайту көзделген. Сонымен қатар ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың кемінде 60%-ына цифрлық егіздер енгізу жоспарланып отыр.

Сессияны Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Әлия Оспанова жүргізді. Талқылау барысында цифрлық трансформацияның азаматтар мен кәсіпкерлерге беретін нақты пайдасы, мемлекеттік органдар арасындағы үйлесімді жұмыс және стратегияны жүзеге асыру тетіктері сөз болды.

Цифрлық трансформацияның нәтижесі енгізілген технологиялардың санымен емес, олардың адамға, мемлекетке және экономикаға берген пайдасымен өлшенуі тиіс. Digital Qazaqstan стратегиясын одан әрі іске асыру дәл осы қағидатқа сүйенуі керек, – деді Әлия Оспанова.

Медицина саласында қандай өзгерістер болады?

Цифрлық үкіметті қолдау орталығы бас директорының орынбасары Арай Уразова стратегияның негізгі бағыттарын таныстырды. Оның айтуынша, құжат үш блокқа топтастырылған 20 бастамадан тұрады.

Азаматтарға арналған бастамалар өмірлік жағдайларға байланысты қызметтерді жеке өтінішсіз алуға мүмкіндік беруді және әлеуметтік қолдауды нақты мұқтаж адамдарға бағыттауды көздейді. Ал бизнес үшін өндірістік процестерге жасанды интеллектіні енгізу және салықтық әкімшілендірудің сервистік моделіне көшу қарастырылған.

Мемлекеттік басқару саласында бірыңғай деректер архитектурасын қалыптастыру, ведомствоаралық құжат айналымын толық цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздікті күшейту жоспарланған.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов медицинаны цифрландыру бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, салада пациенттің бірыңғай цифрлық медициналық профилін қалыптастыру, медициналық құжаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін және профилактикалық шаралар туралы хабарлайтын дербес сервистерді дамыту көзделген. Сонымен қатар жасанды интеллектіні медицинада қолдану мен телемедицинаны, әсіресе мектеп медицинасында және шалғай өңірлерде кеңейту жоспарланып отыр.

2028 жылға қарай медициналық ұйымдардың кемінде 95%-ын бірыңғай цифрлық контурға біріктіру көзделген. Сондай-ақ жасанды интеллект қолданылатын клиникалық шешімдердің үлесін кемінде 80%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл медициналық көмектің сапасын арттыруға, дәрігерлердің жүктемесін азайтуға және денсаулық сақтау ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Салық жүйесі де цифрланады

Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов экономика мен бизнесті цифрландыруда жасанды интеллектінің алатын орнына тоқталды.

Стратегия аясында салықтық әкімшілендіруді барынша автоматтандыру және «салық – сервис ретінде» моделіне көшу қарастырылған. Бұл тәсіл адал кәсіпкерлердің әкімшілік жүктемесін азайтып, салықтық рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған.

Ал Boston Consulting Group басқарушы директоры әрі серіктесі Михаил Волков цифрлық трансформацияның халықаралық тәжірибесін таныстырды. Ол негізгі салалардағы еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретін технологияларды енгізу жолдарын және халықаралық тәжірибені Қазақстанның ерекшеліктеріне бейімдеу мәселелерін қозғады.

«Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мұқышев банк секторындағы цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесімен бөлісті. Ол қаржы ұйымдарының цифрлық шешімдерді енгізуін және бизнестің мемлекеттік платформалармен өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін тетіктерді сөз етті.

Сессия қорытындысында қатысушылар цифрлық жобалардың тиімділігі ең алдымен азаматтар мен бизнеске беретін нақты пайдасымен өлшенуге тиіс екенін атап өтті. Атап айтқанда, қызмет алу уақытын қысқарту, ресурстарды үнемдеу, еңбек өнімділігін арттыру және басқарушылық шешімдердің сапасын жақсарту негізгі нәтижелер ретінде айқындалды.

Анықтама: AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумын Astana Hub Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен және Астана әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырып отыр. Форумды өткізуге жұмсалатын шығынның барлығы демеушілер есебінен жабылады.