Бүгiн 2026, 16:18 Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Digital Nauryz: Астанада жүргізушісіз автокөлік көпшілікке ұсынылды

Биыл Наурыз жаңа форматта – Digital Nauryz аясында өтуде.

Астанада Наурыз мейрамын жалпы қалалық мерекелеу аясында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың Лу Бань шеберханасының пилотсыз автокөлігінің демонстрациялық жүрісі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Автокөлікті бағдарламалау және маршрут картасын әзірлеу шеберхана қызметкерлері тарапынан жүзеге асырылды.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Астана қаласының әкімдігі және Astana Innovations ұйымының қолдауымен ұйымдастырды.  

Көрсетілімдік жүріс қалалық мерекелік іс-шаралар алаңында өтіп, заманауи технологияларды кең аудиторияға танытуға бағытталған бағдарламаның бір бөлігі болды. Мереке қонақтары ұшқышсыз көліктің жұмысын тікелей көріп, оның қалалық ортада қолданылу мүмкіндіктерін бағалады.

Ұшқышсыз автокөлік Smart City инфрақұрылымына жасанды интеллект технологияларын енгізу мүмкіндіктерін көрсетті. Атап айтқанда, навигация жүйелері, деректерді өңдеу және қалалық ортамен өзара әрекеттесу шешімдері таныстырылды. Алдағы уақытта мұндай технологиялар қалалық инфрақұрылымға кезең-кезеңімен енгізіліп, оның ішінде ұшқышсыз такси қызметін іске қосу да интеллектуалды көлік жүйесін дамытудың маңызды бағыттарының бірі болмақ.

2026 жылы Наурыз мерекесі жаңа форматта –  Digital Nauryz аясында өтуде. Бұл бастама елімізде жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылымен ұштасып отыр.

Осындай бастамалар ұлттық дәстүрлер мен заманауи технологияларды үйлестіре отырып, мерекені жаңа деңгейде атап өтудің үлгісін көрсетеді және азаматтарға цифрлық шешімдермен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.