Digital Bridge: Астанада ALEM AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады

2 қазанда Астанада өтетін “Digital Bridge” форумында“ALEM AI” халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев “Қазақстан egov-тан AI-gov-қа дейін: қалай серпіліс жасауға болады?” тақырыбында Astana Open Dialogue аналитикалық платформасының III отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, жаңа орталық таланттарды, зерттеушілерді, кәсіпкерлерді және мемлекеттік қызметкерлерді біріктіріп, қазақстандық ЖИ шешімдерін әзірлеу мен енгізуге бағытталмақ. “ALEM AI” ғимараты сегіз қабаттан тұрады, жалпы аумағы 22 мың шаршы метрді құрайды.

Инновациялық орталықтың құрылымы:

• 1-қабатта – коворкинг, хакатон алаңы, ЖИ-музей, ЖИ-кинотеатр, балаларға арналған аймақ және көрме залдары болады. Мұнда азаматтар жасанды интеллекттің заманауи өнімдерімен таныса алады.
• 2-3 қабатта – әлемге танымал “TUMO Education” бағдарламасы іске қосылады. 12–18 жас аралығындағы 5–6 мың оқушы 3D-модельдеу, компьютерлік графика, фильм және музыка өндірісі, генеративті ЖИ және робототехника бойынша қосымша білім алады. Сондай-ақ өңірлерде “TUMO Box” шағын орталықтарын ашу жоспарланған.
• 4-5 қабатта – “Tomorrow School” жасанды интеллект мектебі ашылады. Ол 18 жастан асқан жастарға арналған. Ерекшелігі – оқытушыларсыз peer-to-peer форматындағы білім беру. Жылына шамамен 1000 студент 50-ден астам нақты жобаны бірлесіп жүзеге асырады. Мектеп тәулік бойы тегін жұмыс істейді.
• 6-қабатта – “AI Campus” стартаптарға арналған алаң болады. Сондай-ақ “AI Preneurs” жобасы аясында қатысушылар деректер мен есептеу қуатына қол жеткізіп, шағын ЖИ-стартаптарға айнала алады.
• 7-қабатта – халықаралық және жергілікті R&D орталықтар мен зертханалар орналасады. Google, Telegram, G42, Presight, Smart City сынды ірі компаниялар өз зертханаларын ашуға мүдделі. Сондай-ақ блокчейн-зертхана іске қосылмақ.
• 8-қабатта – “AI-driven government” алаңы құрылып, мемлекет, бизнес және ғылым өкілдері ЖИ-ді экономика секторларына енгізу бағытында жұмыс істейді.

Бұл – әлемдегі алғашқы осындай кешенді жоба. Біз “ALEM AI”-ді тек ұлттық деңгейде емес, жаһандық ауқымда да үлгіге айналдыруға ниеттіміз. Бұл орталық халықтан бастап, оқушылар мен студенттерді, стартаптарды, Big Tech компанияларын қамтып, ең үздік шешімдерді нақты секторға жеткізетін экожүйе болмақ, – деді Жаслан Мәдиев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы