Дидар Смағұлов: Биыл ең әділ, ең ашық ҰБТ болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін "Желмаяда" қонақта болған ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов биылғы ең өзекті екі мәселе – пандемия кезіндегі балалардың қауіпсіздігі мен бақылауды қатаңдату екенін айтты.

Ұлттық тестілеу орталығы қызметкерлерінің жоспары бойынша, биылғы ҰБТ – ең әділ, ең ашық ҰБТ болады. Оған қалай қол жеткіземіз? Бірінші кезекте, біз тиісті ережелерге бірнеше өзгеріс енгіздік. Яғни, ҰБТ пунктіне келгенде металл іздегіштен өтерде талапкерден қандай да бір тыйым салынған зат табылса (шпаргалка, смартфон және т.б.), ол емтиханға кірмейді және осы жылдың соңына дейін ешқандай емтиханға қатыса алмайды. Қулығын асырып аудиторияға өтіп кететіндер үшін де ереже бар. 2020 жылдың 25 тамызына дейін барлық бейнежазбаны қайта қарап, талдау жасап, сол талдау негізінде тыйым салынған затты пайдаланған талапкердің тест нәтижесін жоққа шығарамыз, тиісінше, алған грантынан да қағылады, - деді ол. 

Биылғы ҰБТ-ның тағы бір ерекшелігі – әр аудиториядан тікелей трансляция ұйымдастырылады. Кез келген адам аудиториядағы жағдайды онлайн бақылай алады.

Тағы бір ереже – әр тест тапсыру пунктіне тәуелсіз сарапшы ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің өкілдері және арнайы мониторингтік топтың өкілдерін тартамыз. Арнайы мониторингтік топтың құрамына өзіндік бейнесі қалыптасқан қоғам белсенділері кіреді. Олар біздің жұмысымызды бақылайды. Егер біз "бір аудиторияда Сәке, Мәкенің баласы отырып, смартфон арқылы 125 балл алды" деген ақпарат алып, бірақ еш шара қолданбасақ, мен сол күні жұмыстан кетемін. Бұған ресми түрде уәде беремін. Егер біз нақты факт алып, заңбұзушылықты көре тұра еш шара қолданбасақ, менің жұмысым нөлге тең, - деді Дидар Смағұлов.

Орталық директоры сұхбат барысында мұғалімдерді аттестациялау мәселесіне де тоқталды.

Жаңа ережеге сәйкес, егер мұғалім зерттеушіге өтініш беріп, бірақ модератордың ғана балын алса, ол аттестацияның екінші кезеңінде модераторға өтініш бере алады. Өткен жылы мұндай мүмкіндік болмады. Яғни, биыл мұғалім жинаған балына сәйкес, аттестациядан өтуге мүмкіндік алды, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы