"Әрине, бетін аулақ қылсын" – Диас Ахметшәріп коронавирус туралы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирустан көз жұмғандардың саны күн сайын артып келеді. Қытайда қауіпті дерттен 2000-нан аса адам қайтыс болды. 75 мыңға жуық адамның вирусты жұқтырғаны белгілі болды. Бұл індет көршілес Ресейге де жетті. Жаман айтпай – жақсы жоқ. Егер Қазақстанда нақты бұл кеселді жұқтырған азамат пайда болса, яғни анықталса, отандық Денсаулық сақтау министрлігінің ең алғашқы қадамы қандай болмақ?

Мұндай сауалды бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз брифингінде BAQ.KZ тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп мырзаға қойды. 

Кім тірелді, кім шықты, кім келді, қай қаладан, қандай мемлекеттен ұшып келді. Бәрін бақылап отырмыз. Әрине, бетін одан аулақ қылсын. Егер болып қалған жағдайда (вирус жұқтырған адам анықталса – ред.), біз 100% дайынбыз. Өйткені, өздеріңіз байқағандай, өткенде Уханьнан алып келген қазақстандық студенттер елорда маңындағы Көпбейінді клиникалық ауруханадағы карантиннен шықты. Бәрі – дін аман. Ауылдарына қайтты. Бізде дайындық жұмыстары жоғары. Барлығына әзірміз. Әр адамның, әр дәрігердің жеке өзін қорғау жабдықтары бар. Қорғаныс кимідері де, маскалары мен дәрі-дәрмектері толық көлемде бар, жеткілікті, - деп жауап берді Диас Ахметшәріп.

Министрлік өкілінің айтуынша, әр аймақта, әр облыс, қалада клиникалық-стационарлық төсек-орындар дайын. Барлық дәрігердің вирус туралы хабары бар. Алдын ала қандай шаралар қолдану қажет екенін мамандар өте жақсы біледі.

Әрине, бетін одан аулақ қылсын. Қазіргі таңда бізде осындай коронавирус індетімен тіркелген Қазақстан азаматы жоқ. Біз оны министрлік тарапынан жіті түрде қадағалап отырмыз. Барлық дәрігерлердің хабары бар. Алдын ала қандай шаралар қолдану қажет екенін мамандар өте жақсы біледі. Сол себепті ведомствоаралық үлкен комиссия құрылған болатын. Оның төрағасы – біздің вице-премьер. Денсаулық сақтау министрлігінің ішінде күніне 2-3 рет Штаб жұмысы өткізіледі. Таңғы және кешкі сағат 8-де. Біз барша аймақтар бойынша жіті қадағалап отырмыз, - деп мәлім етті ол. 

Естеріңізге сала кетейік, Қытайда жаңа коронавирустан қайтыс болғандар саны 2 мың адамнан асты . Соңғы деректер бойынша, ҚХР-да коронавирус жұқтырғандар саны 74185 адамды құрап отыр, қайтыс болғандар саны – 2004, емделіп шыққандар – 14376 адам. Қазіргі уақытта науқастармен тығыз байланыста болған 135 мың адам медициналық бақылауға алынған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы