Диабеттен бедеулікке дейін: Бариатрия науқастардың өмірін қалай өзгертеді
Біреулер үшін бұл – «оңай арықтаудың жолы», ал енді біреулер үшін – «басқа амал қалмағанда ғана жүгінетін» соңғы шешім.
Соңғы жылдары Қазақстанда бариатриялық хирургия қарқынды дамып келеді. Соған қарамастан, бұл сала төңірегінде әлі де көп түсінбеушілік, қорқыныш пен түрлі мифтер бар. Бірі оны тек салмақ тастаудың жеңіл жолы деп қабылдаса, енді бірі тек тығырыққа тірелгенде ғана жасалатын шара ретінде көреді. Алайда осы бағытта жұмыс істейтін дәрігерлердің айтуынша, мәселе сырт келбетте емес – бұл адамның өмір сүру ұзақтығы мен сапасына тікелей әсер ететін жүйелі денсаулық мәселесі.
Неліктен семіздік тек артық салмақ емес, ауыр дерт саналады? Ота алдында қандай тексерулерден өту қажет? Қандай қарсы көрсетілімдер мен қауіптер бар? Бариатрия расымен диабеттен, гипертониядан, тіпті бедеуліктен құтқара ала ма?
Осы сұрақтарға BAQ.KZ тілшісі медицина ғылымдарының докторы, профессор Орал Оспановпен сұхбат барысында жауап іздеді. Ол Қазақстандағы бариатриялық және метаболикалық хирургия саласының жетекші мамандарының бірі.
Оспанов Орал Базарбайұлы – медицина ғылымдарының докторы, профессор. 2008 жылдан бері Медицина университеті Астана оқу орнында профессор әрі бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді.
2004 жылдан бастап Ұлттық ғылыми медициналық орталықта (бұрынғы Республикалық аурухана) бас ғылыми қызметкер қызметін атқарған. 2012 жылы оның жетекшілігімен эндоскопиялық хирургияның жаңа кафедрасы құрылып, онда лапароскопиялық және торакоскопиялық сияқты заманауи аз инвазивті әдістер белсенді дами бастады.
2010 жылдан бастап кафедрада «бариатриялық хирургия» бағыты енгізіліп, дәл сол кезеңде асқазанның sleeve-резекциясы бойынша алғашқы операциялар жасалды.
Кейін команда күрделірек оталарды да меңгерді. Алғашқы шунттау операцияларын профессор 2015 жылы Өзбекстанда, 2017 жылы Қырғызстанда жүргізген. Бұл оның тәжірибесінің халықаралық деңгейде екенін көрсетеді. Бүгінде оның командасы ғылыми жұмыстармен белсенді айналысады: жаңа әдістер әзірлейді, монографиялар шығарады, беделді журналдарда мақалалар жариялайды және мемлекеттік ғылыми жобаларға қатысады.
2020 жылы Қазақстанда «бариатриялық және метаболикалық хирургия» мамандығы ресми түрде енгізілді. Бұл салада жұмыс істеу үшін міндетті сертификат талап етіледі, яғни мұндай операцияларды тек арнайы дайындықтан өткен мамандар ғана жасай алады.
- Орал Базарбайұлы, көпшілік әлі күнге дейін бариатриялық операцияларды эстетикалық медицинамен байланыстырады. Негізгі айырмашылығы неде?
- Бұл өте маңызды мәселе. Бариатриялық хирургия – пластикалық хирургия емес, біз сырт келбетті «жақсартумен» айналыспаймыз. Біздің жұмыс асқазан мен ішекке қатысты, яғни өмір үшін аса маңызды мүшелерге жасалатын операциялар. Бұл – толыққанды абдоминалдық хирургия, сондықтан мұндай араласу бүкіл ағзаға әсер етеді.
Сондықтан мұндай операциялар тек техникалық шеберлікті ғана емес, сонымен қатар физиологияны, зат алмасу үдерістерін және гормондық реттелуді терең түсінуді талап етеді. Өкінішке қарай, кейде бұл жай ғана «асқазанды кішірейтті – адам арықтады» деген қарапайым түсінік қалыптасады. Негізінде, бұл – өте күрделі операция. Дұрыс жүргізілмесе, ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
Сондықтан Қазақстанда 2020 жылдан бастап міндетті сертификаттау енгізілді мұндай операцияларды кез келген хирург жасай алмайды.
- Бұл бағыт қаншалықты қатаң реттеледі?
- Бұл сала жеткілікті деңгейде қатаң реттеледі. Бізде клиникалық хаттамалар бар, олар тұрақты түрде қайта қаралып отырады, мысалы қазір үшінші рет жаңартылып жатыр. Бұл жай ғана ұсыныстар емес, ғылыми негізделген құжаттар. Онда кімге операция қажет екені, қандай қарсы көрсетілімдер бар және әр жағдайда қандай әдісті қолданған дұрыс екені нақты көрсетілген.
Сонымен қатар ғылыми жұмыс та белсенді жүргізіледі: мемлекеттік жобалар іске асырылады, зерттеулер жарияланады, монографиялар шығарылады. Яғни бұл – толыққанды ғылыми мектеп. Біз тек операция жасап қана қоймаймыз, нәтижелерді үнемі зерттеп, талдап, тәсілдерді жетілдіріп отырамыз.
- Сіз бариатрия тек салмақ туралы емес дедіңіз. Нені меңзеп отырсыз?
- Біздің мамандық екі бағытқа бөлінеді. Біріншісі – дене салмағын азайтуға бағытталған классикалық бариатриялық хирургия. Екіншісі – метаболикалық хирургия. Бұл жағдайда пациентте айқын семіздік болмауы мүмкін, бірақ, мысалы, қант диабеті болуы ықтимал.
Операциядан кейін ағзада қандағы қант деңгейін бақылауға көмектесетін тетіктер іске қосылады. Жалпы, адам ағзасы – біртұтас жүйе. Жекелеген мүшелерді бөліп қарастыруға болмайды. Мысалы, семіздік кезінде ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесі белсендіріледі, бұл қан қысымының көтерілуіне тікелей әсер етеді.
Висцералды май – жай ғана энергия қоры емес, ол гормондық фон мен зат алмасуға әсер ететін белсенді тін.
- Елдегі жағдай қаншалықты күрделі?
- Жағдай өте күрделі. Біздің деректер бойынша, халықтың шамамен 25 пайызы семіздікке шалдыққан. Қант диабеті 2–3 миллион адамда анықталған, ең қауіптісі – олардың көпшілігі өзінің диагнозын білмейді.
Бұл – «үнсіз өлтіруші». Адам мәселені байқамай жүре береді де, кейін асқынған жағдайда ғана дәрігерге жүгінеді. Мысалы, жыл сайын 5–10 мыңға дейін ампутация тіркеледі. Бұл – ресми статистика, бірақ өкінішке қарай, бұл туралы жеткілікті айтылмайды.
- Пациенттер көбіне қандай салмақпен келеді?
- Көбіне 100 келіден асатын адамдар келеді. Бірақ біз тек салмаққа емес, дене салмағы индексіне қараймыз. Мұнда этникалық ерекшеліктер де ескеріледі: еуропалықтарда семіздік 30 ИМТ-дан басталса, азиялықтарда 27,5-тен басталады.
Негізінен екінші және үшінші дәрежелі семіздікпен жұмыс істейміз.
- Ал салмағы аса үлкен болмаса ше?
- Ондай жағдайда қатар жүретін ауруларға қараймыз. Егер пациентте қант диабеті болса, операция көрсетілуі мүмкін. Өйткені бұл жерде мәселе тек салмақта емес, зат алмасу бұзылыстарында да болады.
- Қандай жағдайда пациентке операция жасаудан бас тартасыз?
- Біз Америкалық анестезиологтар қауымдастығы әзірлеген ASA жіктемесіне сүйенеміз. Егер пациенттің жағдайы ASA 4 деңгейінде болса, яғни ағзаларында ауыр декомпенсация бар болса, операция жасау мүмкін емес. Ал ASA 3 деңгейіндегі жағдай да өте сақтықты талап етеді.
Негізгі қағида – қауіпсіздік. Біз пациенттің операцияны аса қауіпті тәуекелсіз көтере алатынына толық көз жеткізуіміз керек.
- Ота алдында пациент қандай тексерулерден өтуге тиіс?
- Дайындық белгілі бір уақытты алады, бірақ қажет болған жағдайда негізгі тексерулерді 2–3 күннің ішінде өткізуге болады. Ең алдымен жүрек-қан тамыр жүйесінің жағдайын қараймыз: ЭКГ және эхокардиография жасаймыз.
Сондай-ақ қосымша зерттеулер жүргізіледі: төменгі аяқ веналарына УДЗ жасап, тромб бар-жоғын тексереміз, қанның ұюын бағалау үшін коагулограмма тапсырылады, биохимиялық қан талдауы және гемоглобин деңгейі анықталады.
Бұдан бөлек, эндокринолог, терапевт сияқты мамандардың кеңесі міндетті. Қажет болса, әсіресе апноэға күдік болған жағдайда пульмонолог та қаралады. Біз әрқашан ағзаны кешенді түрде бағалаймыз, өйткені жасырын дерттердің өзі операция нәтижесіне әсер етуі мүмкін.
- Қандай жанама әсерлер жиі кездеседі?
- Біз пациенттерге барлық тәуекелді ашық айтамыз. Көбіне дәрумендер мен минералдардың жетіспеушілігі, сусыздану, сондай-ақ салмақ тез түскен кезде пайда болуы мүмкін кетоз жағдайы кездеседі.
Отадан кейін пациентке дәрумендер қабылдау қажет – кейде өмір бойы, бірақ көбіне алғашқы 3–5 жыл ішінде. Ең бастысы – операцияның тек бастамасы екенін түсіну. Одан кейін қалпына келу, бақылау және өмір салтын өзгерту кезеңі жүреді.
- Асқыну қаупі неге байланысты?
- Ең алдымен хирургтің тәжірибесі мен клиниканың деңгейіне байланысты. Тәжірибе аз болған сайын, асқыну қаупі бірнеше есе артуы мүмкін. Әрбір сәтсіз жағдай үлкен резонанс тудырады, өйткені бізге келетін пациенттер ауыр халде емес, керісінше өмір сапасын жақсартуға үміт артып келеді.
- Қайта операция жасау жағдайлары бола ма?
- Иә, ондай жағдайлар кездеседі. Бұл ағзаның жеке ерекшеліктеріне, күткен нәтижеге қол жеткізбеуге немесе асқынуларға байланысты болуы мүмкін. Бірақ дұрыс тәсіл қолданылған жағдайда олардың саны аз болады.
- Салмақ азайғаннан кейін пациенттің жағдайы қалай өзгереді?
- Іс жүзінде бәрі өзгереді. Бұрын буындарға түсетін жүктеме үшін қозғалысқа тыйым салынған адам салмақ тастағаннан кейін толыққанды белсенді өмір сүре алады.
Бізде марафонға жүгіре бастаған пациенттер бар. Тек физикалық жағдай ғана емес, адамның ойлау жүйесі, өзін қабылдауы және өмір салты да өзгереді.
- Қосымша пайдасы бар ма?
- Иә, пайдасы көп. Біз бедеулік жағдайының жақсарғанын, қандағы қант деңгейінің қалыпқа келгенін, артериялық қысымның төмендегенін, сондай-ақ подагра кезінде жағдайдың жақсарғанын байқаймыз.
Бұл бариатриялық хирургияның ең алдымен сырт келбетке емес, денсаулыққа бағытталғанын тағы бір мәрте дәлелдейді.
- Нәтижені қалай бағалайсыздар?
- Барлығы қарапайым: біз қауіп пен пайда арасындағы тепе-теңдікті бағалаймыз. Егер оң әсері ықтимал тәуекелдерден айтарлықтай басым болса, онда операция өзін ақтады деген сөз. Біздің мақсат – дәл осындай нәтижеге қол жеткізу.
Бариатриялық хирургия – дәрігерден жоғары біліктілікті, пациенттен мұқият дайындықты және операциядан кейін ұзақ уақыт бақылауды талап ететін күрделі әрі көпқырлы медицина саласы. Бұл «жылдам арықтау» емес, адамның тек сырт келбетін ғана емес, бүкіл өмірін өзгерте алатын маңызды араласу.
Мұндағы басты нәтиже – сымбаттылық емес, денсаулық. Ал кей жағдайда бұл тіпті өмірге берілетін мүмкіндікпен тең.
- Әңгімеңізге рахмет!