Көкшетауға дезинфекциялық көліктер жеткізілді

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Карантин режиміне байланысты Көкшетауға көшелер мен аулаларды дезинфекциялайтын көліктердің алғашқы легі жеткізілді. Аталған көліктерге облыс бюджетінен арнайы тапсырыс берілген.

Жаңа көліктердің мүмкіндігіне облыс әкімі Ермек Маржықпаев өз бағасын беріп, пікір білдірді.

Облыс орталығына әзірге төрт машина жеткізілді. Көліктер бір-екі күнде қала көшелерін дезинфекциялауға шығады. Коронавируспен күресте аталған көліктер жоғары сұранысқа ие болғандықтан, белгіленген міндетті мүлтіксіз орындарына сенімдіміз, - деді өңір басшысы.

Chevrolet Labo маркалы автокөліктер Қостанайдағы "СарыарқаАвтоПром" зауытында құрастырылған. Қазіргі уақытта техника көлік құралы ретінде ресімделуде, мемлекеттік нөмірлер дайындалуда.

Аталған көліктердің көлемі шағын болғандықтан, ішкі кварталдағы көшелер мен аулаларды дезинфекциялау жұмыстарына өте ыңғайлы. Көптеген үйлердің аулаларына көлікпен өту қиын, ал шағын көлемді көліктер қажет уақытта еш кедергісіз өтіп, жұмысын жүргізе алады, - деп түсіндірді "Көкшетау Су арнасы" кәсіпорнының бас директоры Ермек Өмірғалиев.

Жақын күндері Қостанайдан тағы алты көлік жеткізіледі деп күтілуде. Автокөліктердің келесі легі аудандарға жөнелтіледі деп жоспарлануда.

Облыс орталығында көшелерді дезинфекциялау жұмыстары 25 наурызда басталды. Оған "Тазалық" коммуналдық кәсіпорнының техникалары жұмылдырылуда.  Жергілікті "KAIK" компаниясы құрастырған  суарғыш көліктер де қала көшелерін дезинфекциялауға үлес қоспақ.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
1414 не үшін керек?
Өзгелердің жаңалығы