Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлері армия спартакиадасының жеңімпазы атанды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша өтіп жатқан Қарулы күштердің XIX спартакиадасының жазғы кезеңі қорытындыланды.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Спартакиада шеңберінде спорттық бағдарлау, табельдік қарудан ату, әскери және офицерлік үшсайыс бойынша чемпионаттар өтті.
Спартакиадаға Қарулы күштердің, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мен Ұлттық ұланның атынан екі жүзден астам әскери спортшы қатысты.
Жарысқа қатысушылардың бәрі де жоғары нәтижелер мен жеңіске деген ұмтылысын көрсетті. Спартакиаданың маңыздылығында бұл жарыстардың халықаралық әскери-спорттық ойындарға өзіндік іріктеуге айналғаны үлкен рөл атқарды. Мұндай іс-шаралар әскери-қолданбалы спорт түрлерін дамытуға және танымал етуге, сондай-ақ армия спортшыларының шеберлігін арттыруға ықпал етеді, – деп атап өтті Қорғаныс министрлігі орталық спорт клубы бастығының орынбасары подполковник Бауыржан Оразбай.
Спорттық бағдарлауда десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері чемпион атанды. Екінші орынды Әуе қорғанысы күштерінің спортшылары иеленді. Үшінші орын «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының еншісінде.
Десантшылар сондай-ақ табельдік қарудан ату жарыстарында да нақты және сындарлы іс-қимылдар көрсете білді. Сәйкесінше, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы мен Құрлық әскерлері Әскери институтының әскери қызметшілері күміс және қола жүлдегер атанды.
Офицерлік үш сайыста Құрлық әскерлері Әскери институтының әскери қызметшілері үздік нәтиже көрсетті. Екінші орын – Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлерінде болса, үшінші орынды «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы иеленді.
Жарыс әскери үш сайыспен аяқталды. Онда Десанттық-шабуылдау әскерлерінің спортшылары тағы жеңімпаз атанды. Жүлделі екінші және үшінші орындарды «Оңтүстік» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының әскери қызметшілері иеленді.
Чемпионаттардың нәтижелері бойынша табельдік қарудан атудан және офицерлік үшсайыстан Қарулы күштердің құрама командасы іріктелді. Спортшылар биылғы шілде айының басында Қазақстанда өтетін ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Достастық армияларының III әскери – спорттық ойындарында еліміздің намысын қорғайтын болады.