Десанттық-шабуылдау әскерінің басшылығы үшін оқу-әдістемелік жиын өтті

Құрамалар мен әскери бөлім командирлерінің, олардың орынбасарлары мен сержанттар құрамының теориялық және практикалық сабақтары Алматы облысындағы «Іле» оқу полигонында ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оған Алматы, Қонаев және Жетісу гарнизондарынан жүзден астам әскери қызметші қатысты.

Оқу-әдістемелік жиынға қатысушыларға Қорғаныс министрінің, Бас штаб бастығының және Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының 2024 оқу жылында жауынгерлік әзірлікті, қару-жарақ пен оқ-дәрілердің сақталуын, қару-жарақ пен әскери техниканың тиісінше пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптары жеткізілді.

Әскерлердің ерекшеліктеріне сәйкес өткізілген сабақтардың ішінде жау тылына десант түсіру, басқару пункттерін, атыс позицияларын, оқ-дәрі қоймаларын жою, резервтің жақындауына жол бермеу және тағы басқалар бар.

Соңғы жылдардағы қарулы қақтығыстардың ерекшелігін ескере отырып, біз жауынгерлік дайындық бағдарламасына түзету енгіздік. Яғни диверсиялық жұмыстарға баса назар аударудамыз. Тосыннан туындаған ұрыс жағдайында саны жағынан аз, жақсы дайындалған бөлімшелер соғыс қимылдарын жүргізуге қабілетті. Мұндай жағдайда әскери қызметшілердің санынан гөрі жоғары жауынгерлік машығы бірінші орында, – деп нақтылады Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев.

Практикалық сабақтарды өткізу үшін 15 оқу нүктесі ұйымдастырылды. Жиынға қатысушыларға жауынгерлік міндеттерді орындау барысында бөлімше құрамында армиялық тактикалық атыс элементтері мен медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыру көрсетілді. Сонымен қатар офицерлер мен сержанттар құрамына байланыс, жергілікті жерді бағдарлау, артиллериялық бөлімшелердің атысын түзету бойынша сабақтар өткізілді.

Инженерлік әскерлердің мамандары заманауи миналар мен қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды орнату мен залалсыздандыру бойынша семинар ұйымдастырды. Тыл бөлімшелерінің әскери қызметшілері жауынгерлік іс-қимылдарды дайындау және жүргізу барысында тылды басқару пунктінің жұмыс тәртібін көрсетті. Техникалық мамандар жауынгерлік техниканы су тосқауылдарын еңсеруге қалай дайындау керектігін егжей-тегжейлі көрсетті және жеке көлік құралдарын қыста пайдалану бойынша автокөлік жүргізушілеріне сабақ өткізді.

Сонымен қатар парашютпен секірудің жер үсті элементтерін ұйымдастыру, ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану негіздері және олардың әрекеттерін бригада мен батальонның жауынгерлік тәртіп элементтерімен үйлестіру бойынша семинарлар өткізілді.

Оқу-әдістемелік жиынның соңында 2023 оқу жылындағы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қорытындысы шығарылды. Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Иван Панфилов атындағы 37 десанттық-шабуылдау бригадасы жауынгерлік дайындық, қару-жарақ пен әскери техниканы ұстау, әскери тәртіптің жай-күйі нәтижелері бойынша ең үздік құрама деп танылды.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы үздік құраманың, әскери бөлімдер мен бөлімшелердің командирлерін бағалы сыйлықтармен және ауыспалы вымпелдермен марапаттады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы