Десантшылар Алматы облысындағы ауылды су басу қаупінен сақтады
Елдің оңтүстік-шығысында күннің жылы болуы таудағы қардың еруіне себеп болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы облысының Іле және Қарасай аудандарының шекарасындағы Жармұхамбет ауылына су басу қаупі төнді. Су тасқынына қарсы іс-шараларда тәжірибесі бар Қарулы күштердің Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері ауыл тұрғындарына көмекке келді.
Жармұхамбет ауылында шамамен 10 000 адам тұрады. Өткен аптада ауа-райы жылы болғандықтан өзендегі су деңгейі едәуір көтерілді. Кей жерлерде ол тұрғын үйлердің аулаларына жайылды. Іле ауданының әкімі өткізген шұғыл кеңестен кейін Қарулы күштердің Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының көмегіне жүгіну туралы шешім қабылданды.
Генерал-майор Алмаз Жұмакеев ауыл тұрғындарына өзеннің жағасын нығайту жұмыстарын жүргізу үшін 43 десантшы-әскери қызметшіні көмекке жіберді. Сарбаздар тынымсыз өте жылдам жұмыс істейді. Жармұхамбет ауылының тұрғындары оларға көмек көрсеткені үшін шын жүректен алғыстарын білдіріп жатыр, – деді Алматы облысы Іле ауданы әкімінің орынбасары Алмас Бөкенаев.
Екі күнде тұрғын үй алаптарын су басуына жол бермеу мақсатында 800 метрден астам су бөгеу құрылыстары, оның ішінде 2500-ден астам қапшық төселді.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың көктемінде Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысты. 300 десантшы Жайық, Шаған, Дерқұл өзендерінің жағалауларын және олардың Чапаев, Жайық, Теректі, Дарьин және басқа да қала маңындағы аудандардағы салаларын нығайтты.