Депутаттың сұрағына сырқат министр қиналса да жауап берді
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Гүлдара Нұрымова Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат министрге құрылысқа қаражат көп жұмсалатынын айтып, оның құнын төмендетуді ұсынды.
Соңғы жылдары республикалық бюджетте үнемі қаражат тапшылығы байқалып келеді. Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері кіріс бөлігін ұлғайту және шығыс бөлігін азайту бойынша жұмыс істеуі керек. Бірақ мұндай жұмыс байқалмай отыр. Менің ойымша, шығыс бөлігін азайтудың бір жолы – құрылыс жұмыстарының құнын төмендету. Құрылыс жұмыстары көбінесе шынайы бағамен салыстырғанда бірнеше есе арттырылған. Сіздің министрліктің құрылыс жұмыстарының есеп-қисаптары бойынша стандарттарға ревизия жүргізіп, оларды шынайы деңгейге дейін қайта қарай және сол арқылы бюджет қаражатын үнемдеу бойынша жоспарлар бар ма? - деді депутат.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев сұраққа жауап берерде тамағы ауырып қалғанын айтып, ауырып отырса да, қарлығып қалған дауысымен жауап беруге тырысты.
Өте орынды сұрақ. Кешіріңіз, дауысым қарлығып тұр. Біздің осындай жоспарларымыз бар. Министрлік қаражатты үнемдеу үшін мемлекеттік сараптама жүргізіп, заманауи құрылыс әдістерін енгізіп жатыр, - деді министр.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов “дәрігер депутаттың сұрағына сырқат министр қиналса да жауап берді” деп пікір білдірді.