Депутаттың басы неге дауға қалды?
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев BAQ.KZ-те қонақта болды. Депутаттың редакциямызға келген сәтін пайдаланып, халықты алаңдатып жүрген сұрақты қойдық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат Дәулет Мұқаев өз шындығын айтып берді.
Үй туралы айтып жүргенімді білесіздер. Астанадағы құрылыс компаниялары да жарнама жасауды сұрайтын. Мысалы үйді аласың, үстіне 1-2 млн теңге қосып сатасың деген сияқты... Мен айтқан Астанадағы құрылыс компаниялары құрылысын уақытында салатын... Сөйтіп үй туралы айтып жүргендіктен, маған Алматыдан хабарласты. Ол кезде 2022 жыл еді. Олар “... осындай құрылыс компаниясы бар. Сізде Алматыда үй бар ма?” деп сұрады. Үйім жоқ екенін біліп, баспана алуды ұсынды, - дейді ол.
Оның сөзінше, Алматыдағы құрылыс компаниясы шаршы метрі 300 мың теңгеден тұратын пәтерді сатып алуды ұсынған. Бірақ ол туралы жазба немесе Stories салса, жеңілдік жасап беретіндерін айтқан.
Менің ойымша, дәл осындай ұсыныс айтылса, кез келген адам оны жарнамалаушы еді. Мен келістім. Бірақ алдымен құрылыс объектісіне барып көретінімді айттым. Бардым, бәрін қоршап қойған, құрылыстың паспорты да ілулі тұрды. Құжатта 2023 жылдың аяғында толық салынып бітетінін жазылған. Сөйтіп маған 60 шаршы метрлік екі бөлмелі үйді 18 млн теңгеге ұсынды. Мен келісіп, келісімшартқа отырайық дедім, - деп түсіндірді Мұқаев.
Ол құрылыс компаниясы үйдің ақшасын бөліп төлеуге де келісім бергенін айтады.
Сату бөліміндегі жігіттер төлемді бөлеп төлеуге бірден келісті. Сонда мынадай қызық болды: келісімшарт менімен 300 мың теңге деп жасалады. Сөйтеді де компания маған “біз бір апталық акция жасағалы жатырмыз, елге тағы да айтып жібересіз бе, шаршы метрін 280 мың теңгеден береміз” деп айтады. Жігіттерге “өздерің маған жеңілдік деп 300 мың теңгеден беріп отырсыңдар, бірақ қайтадан түсіріп жібердің ғой” дедім. Сөйтіп олар “сіздің келісімшартыңызды кейін өзгертіп береміз” деді. Себебі мен Алматыға бір күнге ғана барған едім, - дейді депутат.
Мұқаев құрылыс алаңына барғанында компания жайлы әлеуметтік желісінде жарнама жасағанын айтты. Депутаттың сөзінше, құрылыс компаниясы үйдің жарнамасын басқа да жұлдыздар жасағанын айтқан. Сәйкесінше, үйдің сатылатыны туралы хабарлама көпке дейін “крышада” да, халықаралық деңгейдегі korter сайтында да тұрған.
Былтыр қарашада “Өнер барысы” жарысы болды. Сол жарыста да осы тұрғын үй кешенінің жарнамасы болды. Оның бірнеше жарнамасы республикалық "Хабар" агенттігінде де жүрді. Енді қараңызшы, ол құрылыс компаниясының алаяқ па, алаяқ емес пе, жері бар ма, жоқ па, оны ешкім білмейді. Мен барып көргенде, әкімдіктен рұқсат алғалы жатқандарын айтты. Әкімдіктің адамдары да тұрақсыз ғой, біреуі ауысады, біреуі біреуге сенім қалады. Оны мойындауымыз керек. Жаңағы ығай-сығайдың арқасында компанияның 90%-ы құрылысын бастап кетеді де, іс жүріп жатқанда құжаттарын алады. Сол сияқты мен Достар Deluxe-тен бөлек, G-Park-тің өзіне ініме үй ал деп, 29 млн теңгесін салдырттым. Үй әлі жоқ. Ол жерде де келісімшартта 2022 жылдың аяғында үйдің берілетіні айтылған. Дәл осы статистиканы алып қарасақ, Алматыда “Дәулет жарнамалаған” бір тұрғын үй ғана емес, 45 үй аяқталмаған, ал Астанада дәл осындай проблема 136 тұрғын үй кешенінде бар. Бұл да маған сабақ болды, - деп ойын айтты Дәулет Мұқаев.
Депутат Мәжіліске үлескерлер мәселесіне қатысты заң жобасы келгенін атап өтті. Сөзінше, жұмыс тобында жарнамаға тыйым салу жайлы пункт қарастырылып жатыр. Жарнаманы тек екі жағдайда ғана жасауға болады. Дәлірек айтқанда, әкімдіктен үлестік қатысу туралы шарт және Қазақстандық тұрғын үй компаниясының кепілдігі болғанда ғана.
Бізде бұл процестің барлығы қалай жасалатын еді? Уақыт өте келе үлестік қатысу туралы шартты алады, уақыт өте келе Қазақстандық тұрғын үй компаниясының кепілдігін алады, - дейді ол.
Мұқаевтың айтуынша, жарнамаға қатысты тағы бір пукнт қарастырылмақ.
Соңғы ақпараттардан Дәулеттен арқылы 200 адам алған деген мәліметті көріп қалдым. Оған сенбеймін. Себебі 2 Stories және 2 жазбамен 200 адам үй ала салатын болса, мен баяғыда құрылыс компаниясын ашып алатын едім. 10-15 адам бар шығар. Бірақ жарнама билбордта да, сайттарда да, арналарда да болды. Кейін үйді алып, алданып, ел шулағаннан кейін мұның артында кім бар деді. Сөйтіп біріншіден, Дәулет танымал, екіншіден депутат. Тіпті мені екі ортада 20 млн теңге алған деп жатыр. Менің жарнамам 20 млн теңге болатын болса, онда Forbes-тің тізімінде жүретін “басқа Дәулет” болар ма едім деймін. Көремін десеңіздер, бұл үйдің келісімшарты менің де қолымда бар. Өкінішке қарай, ешкім алдында не тұрғанын білмейді, - деп түсіндірді мәжілісмен.
Депутат сөзін түйіндеп, жарнаманы өзіне жеңілдік болсын деп жасағанын мойындады.