Депутатты көп адам жиналатын орындар алаңдатты

Сенатор Бибигүл Жексенбай өзінің депутаттық сауалында адамдар көп жиналатын орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда 7,9 млн шаршы метр сауда алаңы бар, бірақ олардың бестен бір бөлігі ғана сапа мен қауіпсіздік өлшеміне сай келеді. Сауда-думан орталығындағы балалардың ойын бөлмесі екінші қабаттан жоғары емес және эвакуациялық есіктен 20 метрден қашық болмауы тиіс. Бірақ, өкінішке орай, көптеген сауда орталықтарында балалардың ойын аймақтары жоғарғы қабатта орналасқан, эвакуация жолы да жоқ. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған эвакуация баспалдағында пандус жоқ. Сауда орталықтарында бір қабатта ондаған тамақтану орындары орналасқан, бұл тамақ пісіретін қуаты жоғары техниканы қолдану салдарынан өрт қаупін арттырады.

Құқықтық статистикаға сәйкес 2023 жылы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны немесе сақтамағаны үшін 13 978 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Өрт қауіпсіздігін өрескел бұзу фактілері мен құлыпталған немесе тіпті шынжырмен бекітіліп қойылған апаттық шығу жолдары, жарамдылық мерзімі өткен өрт сөндіргіштердің болуы немесе олардың болмауы, дабыл және өрт сөндіру жүйелерінің бұзылуы сияқты фактілер анықталған. Осының бәрі бірыңғай заң талабының орындалмауынан болып отыр. Сауда орталықтары ғимараттың техникалық жүйесін арнайы алгоритм бойынша басқаруға қабілетті жоғары технологиялық өрт дабылының басқаша жүйесімен жабдықталуы тиіс. Бұл барлық адамдарды белгілі бір уақытта өрттің қаупінен қорғауға және сол арқылы қауіпсіз эвакуациялауға жеткілікті уақыт беруге мүмкіндік береді, - деді Бибигүл Жексенбай.

Сенатор сонымен қатар Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу барысында террористік шабуыл қаупін атап өтті. Ірі спорттық шаралардың қауіпсіздігі шетелдік және отандық тәжірибені ескеруді, қауіптердің алдын алу үшін кешенді ұйымдастыру және құқықтық қолдау көрсетуді талап етеді.

Сауда-думан орталығындағы кіре беріс пен адамдар көп жиналатын жерлерде күзетті күшейтудің, қызметкерлермен нұсқама жүргізудің, сондай-ақ эвакуацияны қамтамасыз ету жүйесінің жұмысын қосымша тестілеу және жаттығу эвакуациясы мен ауызша хабарлаудың маңыздылығына назар аударуыңызды сұраймын. Сондай-ақ, жазғы демалыс алдында мектептерде және жоғары оқу орындарында оқушылардың қатысуымен қоғамдық қауіпсіздік бойынша арнайы оқу жаттығуларын өткізу қажет, - деді сенатор Жексенбай.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы