"Депутаттардың ұсынысы қаралады". Дүйсенова ШҚО-дағы уақыт белдеуі мәселесін айтты

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова ШҚО-дағы уақыт белдеуіне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жалпы соңғы 10 жылда уақыт белдеуіне көшу мәселесін талқылап келеміз. Бұл мәселеде мамандар мен сарапшылардың үлкен тобы жұмыс істеп жатыр. Осылайша, былтыр бір белдеуге көшеміз деп шештік. Қазір депутаттық корпус бұл мәселені көтеріп отыр. Олар өз ұсыныстарын береді, соны қарастыратын шығармыз, – деді Дүйсенова.

Ол уақыт белдеуіне ауысқанымызға бір жылда болмағанын айтады. Әлі қорытынды жасауға ерте дегенді меңзеді.

Бұл уақыт белдеуіне көшкенімізге бір жыл да өткен жоқ. Бәлкім, бұл уақыттың салдарына үңілуіміз керек шығар. Қалай дегенде де денсаулық сақтау жүйесінде, энергияны пайдалану жүйесінде күрт өзгерістер мен ауытқуларды көріп тұрғанымыз жоқ, – деді вице-премьер.

Дүйсенова депутаттардың ұсынысы қаралып, мәселені тиісті мемлекеттік органдар қарастырады деп түйіндеді.

Бұған дейін Сауда министрі ШҚО-дағы уақыт белдеуіне қатысты пікір білдіріп, маусым аралық уақыт қалай болатынын 2-3 жыл бақылау қажет екенін айтқан болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы