Депутаттар жұмыспен қамтуға бөлінген 1 трлн теңгенің дұрыс жұмсалуын қатаң қадағалауды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Республикалық бюджеттің жартысынан астамы әлеуметтік салаға және халықтың өмірін жақсартуға бағытталады. Дегенмен оны тиімді пайдалануда айқын кемшіліктер бар. Бұл туралы сенатор Айгүл Қапбарова еліміздің Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді.

Статистикалық деректер бойынша 2020 жылы жұмыссыздық деңгейі 4,9% - ды құрады. Ресми статистика көрсеткендей, жұмыссыздық деңгейі бүгінгі күні өзгеріссіз қалады. Бұл 450 753 адам. Алайда, депутаттың айтуынша, бұл сандарға сену қиын.

Көптеген дамыған елде эпидемиологиялық жағдайға байланысты еңбек нарығындағы жағдай күрт өзгерді, жұмыссыздық деңгейі кем дегенде 10%-ды құрады. Ал Қазақстандағы өзгерістер – 2%. Бұл сандар қоғамға да, экономикалық сарапшыларға да сенім ұялатпайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдарға цифрлық ойындарды тоқтатып, азаматтардың нақты өмірін жақсартуға нақты тапсырма берді. Осыған байланысты қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Үкімет халықты жұмыспен қамту бойынша қандай кешенді шаралар қабылдап жатыр деген сұрақ туындайды, - деп атап өтті депутат.

Оның айтуынша, елімізде жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша шығындардың едәуір бөлігі уақытша жұмыс орындарын ашуға жұмсалады. Осының салдарынан адамдарды орташа алғанша 1-3 айға ғана жұмысқа орналастыру үрдісі белең алып барады.

Еңбек министрлігі мен әкімдіктер көп жағдайда жүздеген миллиард құйылып жатқан еңбек бағдарламалары аясында тиімділігі аз жобаларға басымдық береді. Есеп комитетінің деректері бойынша дағдарысқа қарсы жобалардың бар-жоғы 14%-ы ұзақ мерзімді экономикалық активтер мен объектілерді құруға бағытталған. Жұмыссыздыққа қарсы күресте жауапты органдар қысқа мерзімде әсер ететін әдістерді жиі таңдайды, - деп айтты сенатор өзінің депутаттық сауалында.

Осыған байланысты сенатор осы саладағы жағдайды жақсарту бойынша бірқатар шараны ұсынды.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары көзделген қазіргі «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасына қосымша, инфрақұрылым объектілерін салу және дамыту есебінен жұмыс орындарын құру жөніндегі шараларды қамтитын «Жұмыспен қамтудың жол картасы (ЖҚЖК)» бағдарламасына бөлінген 1 трлн теңге қаражаттың дұрыс жұмсалуын қатаң қадағалау және қаржының сапалы игерілуін зерделеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл екі бағдарлама түпкі мақсатынан ауытқымай,  халықты тұрақты жұмыспен қамтуы тиіс, - деді депутат.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы