Депутаттар заң жобаларын жасанды интеллектіге сүйеніп жазбауы керек – сарапшы
Алматы қаласында «Құрылтай – заң шығарушы биліктің жаңа архитектурасының негізі» тақырыбында сарапшылар платформасының отырысында Еуразиялық интеграция институтының директоры Оразғали Селтеев цифрландыру мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы саяси сала үшін де белгілі бір қауіп төндіруі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның пікірінше, ең басты алаңдаушылықтың бірі – болашақ депутаттардың заң жобаларын жасанды интеллекттің көмегімен әзірлеуге әуестенуі.
Мені мазалайтын басты мәселе – Құрылтай мен депутаттар заң жобаларын жасанды интеллект жүйелерінің көмегімен жазатын жағдайға жетпеуі керек. Қазір жасанды интеллектті шенеуніктер де, блогерлер де, сарапшылар да жаппай пайдаланып жатыр. Бұл алаңдатарлық үрдіс, – деді Селтеев.
Сарапшының айтуынша, қазақстандық қоғамдық-саяси ойдың даму қарқыны қазірдің өзінде жоғары емес, ал жасанды интеллектке шамадан тыс тәуелділік бұл жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін.
Оның сөзінше, болашақта табысқа жететін саясаткерлер дайын мәтіндерге иек артпай, өз ойлау қабілетін дамытуы тиіс.
Болашақта депутаттар арасында өз миын жұмыс істететін, күрделі мәтіндер мен кітаптарды оқитын, интеллектуалдық пікірталастарға қатысатын адамдар ғана алда болады деп ойлаймын. Осындай пікірталастар қоғамымызға қайта оралады деп үміттенемін, – деді ол.
Сонымен қатар Селтеев соңғы бір жарым жылда депутаттар мен депутаттыққа кандидаттардың сөз сөйлеу мәнерінен, сондай-ақ кейбір партиялардың сайлауалды бағдарламалары мен үгіт-насихат материалдарын дайындауынан жасанды интеллекттің ықпалын байқайтынын айтты.
Дәл осы жерде үлкен қауіп бар. Бұған қалай тосқауыл қоюға болатынын білмеймін. Бірақ жасанды интеллект осы тұрғыдан бізге кері әсерін тигізіп, күтпеген жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін, – деп түйіндеді сарапшы.