Депутаттар Үкіметке туризмді дамытудың жолын ұсынды

Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов ішкі туризм саласын дамытуға қатысты депутаттық сауалын Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолдады. Депутат бұл саланың тек экономикалық қана емес, әлеуметтік және имидждік маңызға ие екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылдың тоғыз айында елімізде 6 миллионға жуық адам ішкі туризм нысандарына сапарлаған. Туристік қызметтердің жалпы көлемі 2020 жылы 33 млрд теңге болса, қазіргі таңда 168 млрд теңгеге жетіп, бес есе өсім көрсеткен. Бұл салаға халықтың қызығушылығы артқанымен, Саурықов жүйелі саясаттың жоқтығын сынға алды.

Өкінішке қарай, салада бірізді даму жоқ. Тиісті бағдарламалар, басқару құрылымдары мен нақты жауапкершілік жүйесі қалыптаспаған, – деді депутат.

Саурықов бірқатар мәселе көтерді. Сөзінше, ішкі туризмді дамытуға арналған ұлттық бағдарлама жоқ. Мекемелер арасындағы үйлестіру әлсіз. Мәселен, республикалық маңызға ие Көлсай көліне апаратын жолдың жөнделуі ауданның мойнында қалып отыр.

Облыстарда туризм басқармалары мүлде жоқ немесе кәсіпкерлік басқармасына қосылып кеткен. Аудандарда бір маман ғана жұмыс істейді немесе ол да жоқ. Мемлекеттік қолдаудың тиімділігі зерттелмеген. 10% құрылыс, 25% көлік шығындары субсидияланады, бірақ кәсіпкерлер бұл қолдау тетіктерінен хабарсыз. Өңірлік инвестициялық карталар жоқ. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында мұндай карталар бар болғанымен, туризм саласында ол мүлде қарастырылмаған, - деді депутат.

Сонымен қатар өңірлік қаржыландыруда алшақтық көп. Бір облыс 70 млн теңге бөлсе, екінші облыс 2 млрд теңге қарастырады. Жарнама мен халықаралық көрмелерге қаржы бөлінбейді. Қонақүй, демалыс орындарының жұмысы бақылаусыз. Көпшілігі стандартсыз жұмыс істейді, сервистің сапасы төмен, еңбек заңнамасы жиі бұзылады.

Депутаттардың ұсыныстары:

  1. Ішкі туризмді дамыту бойынша ұлттық кешенді бағдарлама қабылдау. Онда нақты кезеңдер мен өлшенетін көрсеткіштер (KPI) болуы тиіс.
  2. Әр облыста арнайы туризм басқармасы құрылып, аудандарда жеке бөлім ашылуы тиіс.
  3. Өңірлік инвестициялық карталар әзірленіп, жер телімдері, шарттар, мемлекеттік қолдау шаралары нақты көрсетілуі қажет.
  4. Ақылды инфрақұрылым қалыптастыру: жол, санитарлық тораптар, Wi-Fi, демалыс аймақтары, фотозоналар.
  5. Жергілікті бизнесті қолдау тетіктері анықталуы қажет: гранттар, субсидиялар, жеңілдетілген несиелер, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобалары.
  6. Гидтер мен қонақүйлерді сертификаттау жүйесі енгізілуі тиіс.
  7. «Өңір өмірінің күнтізбесі» жобасы іске қосылып, маусымдық шаралар жүйеленуі және цифрлық архивке енгізілуі керек.
  8. Жасыл туризм стандарттарын енгізу: экологиялық және энергия үнемдейтін тәсілдерді қолдану.
  9. Әр өңір жыл сайын кемінде 5 туристік нысанды дамытып, олардың жай-күйін Үкімет тұрақты бақылауға алуы қажет.

Саурықовтың айтуынша, ішкі туризм – ауылдарды дамыту, экономиканы әртараптандыру және елдің рухани тұтастығын нығайтудың маңызды құралы. Бірақ бұл мақсатқа жүйелі саясат, тұрақты бақылау және нақты жауапкершілік арқылы ғана жетуге болады.

Жапония, Таиланд пен Оман елдерінің тәжірибесін зерттеу – біз үшін пайдалы болмақ, – деді депутат.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы