Депутаттар "Тоmiris" жобасының түлектерімен кездесті
Мәжіліс депутаттары "Tomiris" әйелдер саяси көшбасшылығын дамыту жобасының белсенді түлектерімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға вице-спикер Дания Еспаева, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан және Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жұлдыз Сүлейменова қатысты.
"Tomiris" жобасы аясында Қазақстан Республикасы Парламентінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген көшбасшы әйелдер тағылымдамадан өтіп жатыр. Бұл оларға тәжірибе жинақтауға, заң шығару үдерісімен танысып, мемлекеттік басқару және саясат саласындағы білімдерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Жиынды ашқан Дания Еспаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың гендерлік теңдікті ілгерілетуге және әйелдердің қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған барлық бастаманы қолдайтынын атап өтті.
Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін аса маңызды. Осы орайда депутат Жұлдыз Сүлейменова бұл мәселені тек құқықтық тұрғыда ғана емес әлеуметтік, экономикалық және мәдени тұрғыда да қарастыруға күш салатынын айтты.
Сонымен қатар жобаға қатысушылар Мәжілістегі «АMANAT» партиясы Фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаевпен, Палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовпен кездесіп, қабылданған заңдар аясында әйелдер құқықтары саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Сондай-ақ бағдарлама аясында жетекші саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен лекциялар, әйелдер көшбасшылығы бойынша шеберлік сыныптары өтті.