Депутаттар патент бойынша жылдық кіріс шегін ұлғайтуды ұсынды
Барлық аймақта бөлшек салығын төмендетіп, шағын бизнес үшін патенттерді көбейту қажет. Мұндай ұсынысты Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровқа жолдаған сауалында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың сөзінше, былтырғы жылдың маусым айынан бастап "Ақ жол" фракциясы Үкімет пен барлық облыстың жергілікті органдарына бөлшек сауда салығы мөлшерлемесін 4-тен 2 пайызға төмендетуді талап етіп, үш рет депутаттық сауал жолдаған болатын. Алайда Үкімет өңірлердің өкілеттіктерін алға тартып, бұл мәселеге араласқысы келмеді.
Дегенмен Астана мен бірқатар облыс "Ақ жол" демпартиясының ұсынысын қолдап, осындай шешімдер қабылдады. Жыл басынан бері басқа да бірқатар өңірлер кәсіпкерлерге бет бұрды. Бұл үрдісті үкімет пен өңір басшылығының ШОБ-ты қолдаудағы рөлінің күшейгені деп білеміз. Өкінішке қарай, тек Алматыда ғана кәсіпкерлердің осындай талаптары әлі де назардан тыс қалып отыр, сондықтан қалалық мәслихатты шағын бизнеске ізгі ниет танытуға шақырамыз. Сонымен бірге есеп пен тиісті есептілікке қойылатын талаптар сақталатындықтан бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету жартылай шешім деп есептейміз, - деді Барлыбаев.
Фракция депутаттары шағын кәсіпкерлікке либералды салық салудың қосымша мүмкіндіктерін беруді ұсынып отыр.
Дамыған елдерде шағын және орта кәсіпорындар жылдар бойы тексерілмейді, себебі клиенттердің ағыны мен орташа чек сомасын бақылауға болатын жердің барлығында шамамен кіріс есептеледі. Салық органдары белгілі бір салонның немесе дүкеннің бір жылға қанша төлеуі керектігін ғана белгілейді, кәсіпкер қажетті соманы төлейді - бұл бизнеске басқа ешкім тиіспейді, қаптаған тексерулер, айыппұлдарымен мазасын алмайды. Толық бақылау мен қысымның болмауы - жаппай кәсіпкерліктің негізі. Біреу салықтан 10-20 мың теңгені жасырып қалса да, бұл ақша елде қалады. Есесіне мемлекетке тексерушілер әскерін асыраудың қажеті болмайды. Бұл шешімнің өзі ғана миллиардтаған қаржы жұмсалған бірде-бір жұмыспен қамту бағдарламасы жасай алмаған көптеген жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді, - дейді ол.
Бірақ мәселе Салық кодексінде көзделген патенттік салық салуда бұл ережені мағынасыз ететін шектеулер бар. Атап айтқанда, тауар айналымы жылына 13 миллион теңгеден аспауы, ал кәсіпкерде жұмысшылар болмауы керек.
Депутаттар ұсынысы мынадай:
1. Патент бойынша жылдық кіріс шегін 100 млн теңгеге дейін ұлғайту.
2. Патенттік салық режимін қолданатын кәсіпкерлерге 5 қызметкерге дейін жұмысқа қабылдауға рұқсат ету.
3. Барлық өңірлерде бөлшек сауда салығын 4-тен 2%-ға дейін төмендетіп қана қоймай, шағын бизнеске өз жұмысы үшін бөлшек сауда салығын немесе патент түріндегі салық жүйесін өз еркінше таңдау құқығын беру.