Депутаттар Парламенттен бюджетті ғана емес, Үкіметтің іс-қимыл Бағдарламасын бекітуін талап етеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Азат Перуашев республикалық бюджетті нақтылау барысында айтты.
Ол Үкімет ұсынған бюджетті нақтылауды ескере отырып, шығындардың бірден 17%-ға өскенін атап өтті. Сөзінше, шығындардың былай ұлғаюына былтырдың күзінде бюджетті қарау кезінде үкімет тарапынан тиісті назардан тыс қалған немесе болжануы мүмкін емес объективті жағдайлар себеп болғанын мойындау керек.
Зейнетақылар мен әлеуметтік төлемдердің 11%-ға ілгері индекстелуін, жалақысы төмен қызметкерлер санаттарының жалақысын көтеруді және т.б. қарастыру керек. Мысалы, денсаулық сақтау саласында қызмет ететін медициналық емес қызметкерлер мен білім беру саласындағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын көтеруге 956 млрд теңгеден астам қаржы жоспарланған. Мемлекеттік кіріс комитетінің мәліметі бойынша, бюджетіміздің ресейге қарсы санкциялар салдарынан ұшыраған тікелей шығынының өзі 276 млрд теңгені құрайды. Қазір алда күтілетін жанама шығынды бағалау мүмкін емес, - деп айтты Азат Перуашев.
Бұдан бөлек, БАҚ хабарлауынша, КҚК құбырындағы апат кесірінен Қазақстан тағы 100-150 млрд теңгеден айырылып отыр.
Бюджеттік шығындардың өсуін жабудың ұсынылатын тәсілдері:
– мемлекеттік қарыздың өсуі;
– Ұлттық қордан трансферттердің ұлғайту.
Сыртқы қарызды 1 триллион 626 миллиардқа ұлғайту ұсынылып отыр. Бюджет саясатының тұжырымдамасында сыртқы борыштың шекті мөлшері жалпы ішкі өнімнің 27 пайызы деңгейінде белгіленген. Бюджетті нақтылау сыртқы қарыз деңгейін 25%-ғажеткенін көрсетті. Бюджет шығысын жабудың екінші көзі – Ұлттық қор. Нақтылау Ұлттық қордан аударылатын трансферттерді бірден 68%-ға (4 трлн 030 млрд теңгеге дейін) арттыруды көздейді, - деп атап өтті мәжілісмен.
«Ақ жол» фракциясы тиісті заңнама аясында Ұлттық қордан аударылатын трансферттердің көлемін түзетуге шектеулерді қалпына келтіруді ұсынды.
Біздің ойымызша, мемлекеттік қарыздың өсуі мен Ұлттық қордың жұмсалуына байланып қалған Үкімет мемлекет иелігіндегі неғұрлым қомақты резервтерді дұрыс есепке алмайды. Біріншіден, бұл мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылғанымен, қоғам мен парламенттен жасырын пайдаланылатын квазимемлекеттік сектордың кірістері. Бүгінгі күні нақтылау кезінде бұл үлесті 11 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Қалған 90% жуық табыс менеджерлердің қарамағында қалады. 40 миллион теңгенің жалақысы, сыйақысы бар алып бонустардың барлығы осыдан шығады. Ал мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді орындау үшін болашақ ұрпақтың ақшасын қарызға алып, жұмсауға мәжбүр, - дейді Перуашев.
Депутаттың мәліметінше, күмәнді шығындар да бар. Мәселен, жоғары жетістіктер спортына, яғни кәсіби спортшыларға 81 млрд теңге бөлу ұсынылған. Бұл ретте бұқаралық спортқа 1 миллиард 370 миллион теңге ғана қарастырылған. Яғни, шетелдік легионерлерге өз балаларымыздан 80 есе көп бөлеміз.
Мәжіліс депутаты тағы бір мәселе назар аудартатынын айтты.
Көптеген министрлік түрлі зерттеулер мен консультацияларға ақша жұмсаудан бас тартуда. Бұл дұрыс, өйткені саладағы жағдайды талдау және түсіну министрліктердің өздері мен олардың қызметкерлерінің тікелей міндеті. Әйтпесе, олар не үшін тағайындалды? Бірақ Цифрлық даму министрлігі кенеттен консалтингке 953 миллион, ал Ұлттық экономика министрлігі тіпті 1,5 миллиард жұмсауға шешім қабылдады, - дейді ол.
Перуашев Парламент бір-екі аптаның ішінде ондаған мемлекеттік органдар бірнеше ай бойы дайындаған орасан зор қаржылық құжатты қарап, шенеуніктер жасырған сәйкессіздіктерді іздеуі керегін айтты.
Біз бұл жұмысты жасап жатырмыз және жасай береміз. Бірақ Үкіметтің логикасын жан-жақты түсінбей, кемшіліктердің белгілі бір бөлігі байқалмай қалу қаупі бар. Нәтижесінде, Үкімет жұмысын бағалау бухгалтерлік баға болып табылады: нәтиже бойынша емес, қаражаттың игерілуі бойынша – дебет-кредит-баланс сальдосы. Меніңше, бұл Есеп комитетінің жұмысы. Оның үстіне Президент оның мәртебесін Аудиторлық палата деңгейіне дейін көтерді. Ал Парламент бухгалтерлік емес, саяси орган, - деді ақжолдық.
Бюджетті дұрыс бағалау үшін қоғам мен Парламент Үкіметтің нақты тапсырмалары бар іс-қимыл бағдарламасын түсінуі қажет: осынша жұмыс орнын құру, зейнетақы мен орташа жалақыны мынадай деңгейге дейін көтеру, инфляцияны осындай пайыздарға дейін төмендету, аурушаңдық пен жұмыссыздықты азайту, жаңа технологиялық өндірістер ашу т.б.
Сонда Үкіметті де, оны құрған партияны да сандармен емес, халықтың жетістіктері мен өмір сүру сапасымен бағалауға болар еді. Президенттің жуырдағы Жолдауын ескере отырып, жарияланған конституциялық реформа аясында «Ақ жол» демократиялық партиясы бюджетпен бірге Үкіметтің іс-қимыл бағдарламасын да Парламенттің бекіту талабын қайтаруға бастамашы болады, - деп қорытындылады сөзін депутат.