Депутаттар өңір кәсіпкерлерімен кездесті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ақ жол» ҚДП-ның төрағасы, Мәжіліс депутаттары Азат Перуашов пен Қазыбек Иса Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды.
Халық қалаулылары «Қазфостфат» ЖШС-нің «Минералды тыңайтқыштар» зауытына арнайы барып, өндірістік цехтарды аралап, зауыт жұмысымен танысты.
«Қазфосфат» ЖШС-нің бас директорының орынбасары Ерсін Сариев цехтарда жүргізіліп жатқан жұмыстарды, алдағы жоспарларды айтып берді.
Азат Перуашов өнім шығару барысында қандай түйткілдер кездесетінін, жұмысшыларға қандай жағдай жасалып жатқанын сұрады. Еңбеккерлердің тұрғын үймен қамту мәселесіне де алаңдаушылық білдірді.
Сондай-ақ халық қалаулылары зауыт жұмысшыларымен кездесіп, жиын өткізді.
Партия төрағасы Азат Перуашов «Ақ жолдың» басты міндеттерінің бірі - отандық өндірісті қолдау екенін атап өтті. Парламент сессияларында ақжолдықтар кәсіпорындардарда кездесетін проблемалар туралы бірнеше депутаттық сауал жолдап, мәселе көтеріп жүргенін сөз етті.
Кездесуде халық қалаулылары елдегі саяси-экономикалық ахуалға тоқталып, Қаңтар оқиғасының қасіреті туралы сөз етті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағдыршешті сәтте нақты шешім қабылдағанын атап өтіп, тәу етер Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау - әр азаматтың парызы екенін баса айтты.
Қаңтар оқиғасына қатысы бар деп күдікпен қамауға алынған тергеудегілердің жай-күйімен білу үшін жұмыс сапары барысында тергеу изоляторына арнайы баратындықтарын жеткізді.
Зауыт жұмысшылары депутаттарға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржының алуға болатын шекті мөлшерінің жоғары екенін айтып, осы проблеманың шешілуіне ықпал етуді сұрады. Азат Перуашов бұл мәселе бойынша қаңтар айында депутаттық сауал жолдағанын айтып, бұл мәселенің түйіні туралы тарқатып айтып берді.
Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары Азат Перуашев пен Қазыбек Иса өңір басшысы Бердібек Сапарбаевпен кездесті.
Кездесуде Азат Тұрлыбекұлы «Ақ жол» ҚДП-ның аймақтық филиалдарындағы өзгерістерді таныстырды. Бұған дейін партияның облыстық филиалының төрағасы қызметін атқарған Асан Қошмамбетовтың оңтүстік аймақтар бойынша куратор болып сайланғанын, өңірдегі филиал төрағалығы Мұхамедәлі Шалқарбековке сеніп тапсырылғанын атап өтті.
Халық қалаулылары Қаңтар оқиғасына қатысты жұрт ішінде түрлі әңгіме айтылып жатқанын, депутаттардың мақсаты халықпен бірге болу екенін жеткізді.
Бүгінгі жұмыс сапары халықпен ашық қарым-қатынасты тағы да нығайта түсетіні анық. Себебі, халық қалаулыларының өңірлерге аралап жүргенін естіп-біліп отырған жұрт көп. Мәжіліс депутаттары да Қаңтар оқиғасына байланысты жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстарының бұрмаланбауы үшін мән-жайды көзбен көріп, ата-аналардың шағымын естіп, барлық мәселені назарда ұстауды көздейді.
Өңір басшысы Бердібек Машбекұлы өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Парламент Мәжілісінің депутаттары Азат Перуашев, Қазыбек Иса Қаңтар оқиғасына қатысы бар деп күдікке ілінген тергеудегілермен кездесу үшін Тараз қаласындағы тергеу изоляторына барды.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/1 мекемесіндегілермен тілдесіп, барлық жағдайды көріп-білді.
Тергеу кезіндегі күш қолданатыны туралы айтылып жүрген дау-дақпырттың мән-жайын зерделеу үшін жағдайды көріп, азаматтармен тілдесу маңызды.
Жамбыл облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы, Әділет полковнигі Нияз Рыспаев халық қалаулыларына түзеу мекемесіндегі ішкі тәртіп ережелері заңға сәйкес құрылғанын айтты. Ішкі жағдайды таныстырды.
Таразда Қаңтар оқиғасына қатысы бар деген күдікпен қамауға алынған бір азаматтың туыстары халық қалаулысы Қазыбек Исаға өтініш айтып, хабарласқан екен. Соған байланысты депутат тиісті органдарға сауал жолдаған болатын. Бір күн бұрын сол азамат туыстырының кепілдік беруімен қамаудан босатылды.
Жамбыл өңіріне жұмыс сапары барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары Азат Перуашев пен Қазыбек Иса облыс бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/1 мекемесіндегілердің жай-күйімен танысып, қоғамдық қабылдау өткізді.
Соңынан халық қалаулылары журналистерге сұхбат берді.
Қазыбек Исаның айтуынша, Парламенттегі «Ақ жол» ҚДП-ның фракция мүшелері қазір өңірлерді аралап, тұрғындардың өтініш-тілектері бойынша Қаңтар оқиғасына қатысы бар деген күдікпен қамауға алынған тергеудегілердің ісі бойынша азаматтармен кездесу өткізіп, істің ақ-қарасын анықтауға атсалуда.
Біз тергеу изоляторындағылардың камераларын аралап шықтық. 6 камераға бардық, біреуінде 10, біреуінде 12 адам жатыр екен. Жалпы 62 азаматтың қазіргі ахуалымен таныстық. Тергеліп жатқан 13 адаммен жеке-жеке сөйлестік. Кейбірі мемлекеттік қорғаушыларға деген шағымдары барын айтты. Қандай жағдайда күдікке ілініп, қамауға алынғандарын жеткізді. Ақты - ақ, қараны - қара деп айтуға тиіспіз. Көпшілігі әлеуметтік теңсіздік мәселесін жеткізу үшін алаңға шыққан. Мұның бәрі назарға алынып, әділ шешім шығарылуын назарда ұстаймыз,- деді Қазыбек Иса.
Көптің көңілінде күмән көп. Ата-аналарлың Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу амалдарын жүргізу барысында жақындарымызға күш көрсетіліп жатқан жоқ па деп уайымдайды.
Балаларының болашағына алаңдаған ата-аналар «Ақ жол» ҚДП-ның Жамбыл облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізген Парламент Мәжілісінің депутаттары Азат Перуашев пен Қазыбек Исаға өз өтініштерін айтты.
Баласының досының туған күн кешінен шығып, қайтып келе жатып, қызық көріп, видеоға түсіргенін, сол үшін қамауға алынғанын айтқан Шекер ана депутаттардан ұлының жазасын жеңілдетуге көмек сұрады.
Гүлнар Иманалиева есімді тұрғын ұлы Әділ Шәріповты үй қамағында ұстау туралы шешім қабылданып, тергеу изоляторынан босатқанымен, сот қандай шешім шығарады деп уайымдайтынын айтты. Баласын ұстау кезінде күш көрсетілді деп шағым айтты.
Әлімжан есімді тұрғынның да өтініші осындай мәнде. Ол балам ауыр жаза арқалап кете ме деген қаупі барын айтты. Азат Тұрлыбекұлы өтінішпен қайырылғандарға кеңес беріп, осы мәселелер бойынша Бас прокурорға депутаттық сауал жолдайтынын жеткізді.
Мемлекет басшысының Бас прокурорға ауыр қылмыстық сипат анықталмаса, жауапкершілікті жеңілдетуді тапсырғаны белгілі. Халық қалаулылары Президент тапсырмасының өзі бізге әр іс бойынша әділдікті талап етуге мүмкіндік беретінін айтты.
Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары Азат Перуашев, Қазыбек Иса өңір кәсіпкерлерімен кездесті.
Жиында халық қалаулысы Азат Тұрлыбекұлы «Ақ жол» ҚДП-ның Парламенттегі фракция мүшелерінің өңірлерге жұмыс сапарының мән-маңызына тоқталып өтті.
Өңірдегі өндіріс пен кәсіпкерлік салаларындағы түйткілді мәселелер бар. Мәжіліс депутаттары сондай түйткілдерді қозғап, кәсіпкерлердің пікірі мен ұсыныстарын тыңдады.
Облыстық қант қызылшашылары ассоциациясының төрағасы Сахат Манатов су шаруашылығы туралы мәселе көтерді. Шаруа қожалық басшысы Жаңабек Сыдыманов, Ахмедияр Айтбаев көктемгі дала жұмыстары басталмай жатып жанар-жағар май бағасы қымбаттап кеткенін, минералды тыңайтқыш бағасы өскенін, несиелендіру мәселесін қозғады. Субсидияландыру талаптары ірі шаруашылықтардың жағдайы үшін жасалып келгенін айтып, осы проблемаларды Парламент деңгейінде көтеріп, түйткілдерді шешіп беруді сұрады.
«Ақ жол» ҚДП-ның төрағасы, халық қалаулысы Азат Перуашев шаруалардың сұрақтарына жауап берді.
Соңынан партияның актив жиыны өтті.