Депутаттар Нұра су құбырын жөндеуді жеделдету мәселесін талқылады
Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен Нұра топтық су құбырын жөндеу мәселесіне арналған жиын өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оған құзырлы мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Палатаның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың 1 маусымдағы Ақмола облысына жұмыс сапары барысында диқандар осы мәселені көтерді.
Сусыз отырған өңір халқы Палата спикеріне шағымдарын жеткізді. Осыған байланысты Ерлан Қошанов Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетіне жағдайды жеке бақылауға алуды тапсырған болатын.
Нұра магистральдық су құбыры 1979 жылы пайдалануға берілген. Ол Ақмола облысының Егіндікөл, Атбасар, Қорғалжын, Астрахан және Целиноград аудандарын қамтиды. Құбырдың пайдаланылатын бөлігі – 336 шақырым. Бүгінде оның Егіндікөл, Атбасар, Қорғалжын аудандарына су жеткізетін 34 шақырымы тез арада жөндеуді қажет етіп отыр. Экология министрлігі, Қаржы министрлігі, «Қазсушар» мекемесі мен әкімшілік өкілдерімен бірге мәселені шешу жолдарын іздедік. Экология министрлігінің баяндамасын тыңдасақ, жылдың соңына дейін тек құжаттарды рәсімдеуді аяқтайды екен. Күннің ыстығында басқаны айтпағанда, ауруханалар да сусыз қалып отыр. Сондықтан диқандар дабыл қағып, жанайқайларын жеткізді, – деді комитет төрағасы Егізбаев.
Құбыр жұмысының тоқтауына байланысты өңірде отызға жуық елді мекен сусыз қалған. Облыстық мәслихат депутаты Әбілқайыр Ошақбаев мәселенің бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқанын айтып, бүгінде Егіндікөл, Атбасар, Қорғалжын аудандарының халқы көлдің суын пайдаланып отырғанын баса айтты.
Экология министрлігі әкімшілік заң жүзінде төтенше жағдай жарияласа, жұмысты жеделдетуге мүмкіндік туатынын айтып отыр. Төтенше жағдай жарияланды. Енді соған қарай министрлік 20 маусымға дейін су құбырының барлық құжатын аяқтап, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сараптамаға береді. Норматив бойынша 45 жұмыс күні ішінде сараптау керек. Бірақ біз кем дегенде бір жұманың ішінде аяқтауды талап етіп жатырмыз. Одан соң Қаржы министрлігі қаржы бөледі. Бәріміз бірігіп, осы мәселені жоқ дегенде бір ай ішінде шешіп, тамыз айында нақты құрылыс жұмыстарын бастап кетуге бар күшімізді саламыз, – деді Серік Егізбаев.
Өз кезегінде Экология және табиғи ресурстар бірінші вице-министрі Нұркен Шәрбиев магистралдың су шығынын азайтуға көмектесетін 320 шақырымын жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттамалардың жасақталып жатқананын айтып, депутаттардан кәсіпорынның қаржылық-экономикалық жағдайын жақсарту үшін 600 млн. теңге көлемінде қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
Комитет төрағасының пікірінше, құрылыс жұмыстары шамамен жыл соңына дейін жалғасады. Мәселе шешімін тапқанша өңірдегі төтенше жағдай режимі сақталады.
Елімізде су мәселесін шешуге Мемлекет басшсысы ерекше мән беріп отыр. Сондықтан бұл жағдай депутаттардың тұрақты бақылауында болады.