Депутаттар Назарбаевқа «Құрметті сенатор» мәртебесін берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Парламент Сенатының депутаттары Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті сенатор» мәртебесін берді.
«Бәріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының президенті ретінде салтанатты түрде ант беру кезінде Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті сенатор» мәртебесін беру туралы ұсыныс айтты. Сенат бюросының мүшелері «Құрметті сенатор» мәртебесін беру туралы ережені бекітті. Ережеге сәйкес мәртебені беру туралы шешім Сенат отырысында қабылданады», - деді Сенат төрағасы Дариға Назарбаева.«Құрметті сенатор» мәртебесін беру – Ата Заңның, ҚР азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз еткен қазақ елі мемлекеттігінің негізін салушы ретінде, сонымен қатар мемлекет дамуының стратегиялық бағытын нұсқаушы ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетімізге сіңірген еңбегін мойындау.
Қазақстан Республикасының демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде конституциялық-құқықтық негіздерін қалыптастыруға, сондай-ақ отандық парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқаны үшін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасына «Құрметті Сенатор» мәртебесі берілді.
Барлық депутаттар қаулы жобасына бірауыздан қолдау білдірді.
«Құрметті әріптестер, бүгін біз тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті сенатор» мәртебесін беру туралы тарихи шешімді қабылдадық. Бұл шешім – Елбасымыздың Қазақстан мемлекет болып қалыптасуына және дамуына сіңірген елеулі еңбегіне берілген әділ баға және үлкен құрмет. Барлықтарыңызға алғыс айтамын», - деп қорытындылады сөзін Дариға Назарбаева.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
“Жан Шуақ” сыйлығының лауреаттары марапатталды
Өзгелердің жаңалығы