Депутаттар Маңғыстау теміржолшыларымен референдум маңызын талқылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин Маңғыстау өңіріндегі сапары барысында Маңғыстау теміржолшыларымен кездесті, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.
Депутаттың айтуынша, жүрегі елім, жерім, халқым деп соғатын әрбір азамат Конституциялық өзгерістерді талқылауға белсене араласып, референдумға қатысып, өз таңдауын жасауы керек.
Теміржолшылар өздерін толғандырған сұрақтарды алға тартып, Ата заңға енгізілетін өзгерістердің жекелеген баптары бойынша ортақ пікірлерін айтты.
Осы күні Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова Жамбыл ауданы Ақсеңгір ауылының тұрғындарымен кездесті.
Депутаттың пікірінше, референдум өткізу – халыққа деген сенімнің, азаматтарды мемлекеттік басқару ісіне кеңінен тартудың айқын белгісі. Өз кезегінде Ақсеңгір ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тұрсынғали Сарыбаев Қазақстанның болашағын айқындайтын, ойымызды ашық жеткізуге мүмкіндік беретін, референдумды толық қолдаймыз, – деген пікір білдірді.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода осы күні Солтүстік Қазақстан облысына барып, Петропавл қаласында зауыт жұмысшыларымен кездесіп, Конституциялық реформа төңірегінде мазмұнды әңгіме өрбітті.
С.Киров атындағы зауыт – көне кәсіпорындардың бірі. Заманауи техникалық құралдарды өндіреді. Кәсіпорында 500 адам еңбек етеді, олар конституциялық түзетулермен толықтай танысқандарын және қолдайтындарын айтып, референдумға қызығушылық танытты.
Аймақтарға сапар барысында депутаттар референдум Қазақстан дамуының жаңа кезеңіндегі тарихи оқиға екенін айтты.