Бүгiн 2026, 18:33 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Жалғасбек Тоқтамысов

"Иммунитет көтереді": Қазақстанда БАД нарығы жаппай бақылауға алынуы мүмкін

Әлеуметтік желідегі жалған «дәрігерлер» мен БАД жарнамасына қатаң бақылау енгізу ұсынылды.

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрым Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева атына депутаттық сауал жолдап, әлеуметтік желілердегі медициналық контент пен БАД жарнамасына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, интернеттегі «эксперттік пікірлер» ресми медицина жүйесіне деген сенімді әлсіретіп жатыр.

Бүгінде әлеуметтік желілерде емдеу, диагностика және медициналық көмек мәселелері ашық талқыланады. Бұл халықтың ресми медицинаға деген сенімін төмендетіп отыр, – деді Гүлдара Нұрым.

Оның мәліметінше, профильдік агенттіктер дерегіне сәйкес, азаматтардың 42%-ға дейінгі бөлігі кемінде бір рет әлеуметтік желідегі кеңеске сеніп, дәрігерге қаралмай өздігінен ем қабылдаған.

Депутат мұның салдары ауыр болуы мүмкін екенін айтты.

Атап айтқанда, дәрілердің жанама әсері көбеюі, антибиотиктерге төзімділік қалыптасуы, аурулардың кеш анықталуы байқалады.

Сонымен қатар ол дәріханаларда фармацевтердің дәрігер жазған емді өз бетінше ауыстыру фактілері кездесетінін айтты.

Дәрігер науқасты толық тексеріп, анализдер мен анамнезге сүйеніп ем тағайындайды. Ал фармацевт тек тауарды көреді, – деді депутат.

Гүлдара Нұрым әлеуметтік желіде өзін дәрігер ретінде көрсететін, бірақ медициналық білімі жоқ адамдардың көбеюіне де алаңдаушылық білдірді.

Оның сөзінше, мұндай аккаунттар рецептімен берілетін дәрілерді де ұсынып жатады.

Қазір мұндай әрекеттер үшін нақты құқықтық жауапкершілік жоқ, – деді ол.

Депутат медицина саласында кәсіби этика әлсіреп бара жатқанын да атап өтті.

Кей мамандар әріптестерін көпшілік алдында сынап, пациенттерді қорқытып, өз қызметін жарнамалайды. Бұл бүкіл медицина қауымдастығына деген сенімді бұзады, – деді Гүлдара Нұрым.

Сонымен бірге ол БАД нарығына қатысты мәселе көтерді.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда биологиялық белсенді қоспалар бақылаусыз сатылып жатыр.

БАД-тар “иммунитет көтереді”, “бәрін емдейді” деген жарнамамен ұсынылады. Бірақ олардың көбі дәрі сияқты тексеруден өтпейді, – деді ол.

Нұрым мұндай өнімдер бауыр мен бүйрек ауруларына, сондай-ақ басқа да асқынуларға әкелуі мүмкін екенін айтты.

Осыған байланысты депутат бірнеше ұсыныс жасады:

  • барлық БАД бойынша ашық реестр құру;
  • әлеуметтік желідегі жалған жарнамаға бақылауды күшейту;
  • медициналық контентке нақты ереже енгізу;
  • емдеу туралы жазбаларда міндетті түрде дәрігер кеңесіне жүгіну қажеттігін көрсету;
  • дәрігерлер арасындағы кәсіби дауларды блогтарда емес, кәсіби кеңестерде қарау ұсынылды.

Сондай-ақ депутат емханалардағы кезекті азайтып, халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру қажеттігін айтты.