Депутаттар халыққа қажет екендерін дәлелдеуі керек – Ерлан Қошанов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов палатаның жұмысы туралы айтып берді. Сөзінше, депутаттар өздерінің елге, халыққа қажет екенін көрсетуі және дәлелдеуі керек.
Президенттің қабылдауында болғанда Мәжілістің жаңа форматы туралы айттыңыз. Ол қандай формат? Не туралы айтып едіңіз? – деп сұрады журналистер.
Бірінші форматы – ол ашықтық. Мысалы, сіздерге (журналистерге сұхбат беру үшін – ред.) осымен нешінші рет келіп отырмын. 3 айда 3 рет келдім. Шақырсаңыздар, келіп тұрамын. Көріп отырғандарыңыздай, қазір депутаттардан сұхбат алу үшін бірнеше жерге баннер қойылды. Енді сіздер депутаттардың артынан жүгірмейсіздер, олар өздері сіздерге келіп, «сұхбат ал» деп сұрап жүреді, - деді Қошанов.
Мәжіліс төрағасы палатаның жаңа жұмыс форматы ашық жұмыс істейтінін атап өтті.
Біріншіден, ашықтық. Екіншіден, қоғаммен, сайлаушылармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу. Өңірлерге жиі шығамыз. Бұрынғыдай тек жоспарлы түрде жылыны 1-2 рет қана емес, қазір өңірде өткір мәселе туындап жатса, сол өңірдің депутаттары немесе сол саланың депутаттары жедел түрде өңірге іссапарға аттанады, - деп айтты ол.
Сөзінше, депутаттармен халықпен, елмен біте қайнасып, олардың арасында жүруді жоспарлап, іске асырып жатыр.
Өзгерістер бар. Бірақ бәрі бір күнде өзгере салады деп айта алмаймын. Бірақ біздің мақсат, ниетіміз – бүгінгі саяси бәсекелестікте және Президент партиядан шыққаннан кейін тіпті топтаса түсуіміз керек. Жұмыста белсендірек болуымыз керек. Елге, халыққа өзіміздің қажет екенімізді көрсетуіміз, дәлелдеуіміз керек. Әр партияның мақсаты – өзін-өзі дәлелдеу. Біз де осы бағытпен жүреміз, - деп толықтырды Ерлан Қошанов.