Депутаттар Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік қағидаларының сақталуына қатысты құжатты қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «2014 жылғы 12 қарашадағы Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңның жобасын қабылдады.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин атап өткендей, Еуразиялық экономикалық одақтың тұрақты жұмыс істейтін реттеуші органы ретінде Еуразиялық экономикалық комиссия құрылған сәттен бастап 10 жылға жуық уақыт өтті.

Осы кезеңде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер үшін монополияға қарсы заңнаманы жетілдіру бөлігінде бірыңғай саясаттың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілді. Комиссия трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өз өкілеттіктерін іске асыру шеңберінде өтініштерді қарау, тергеп-тексерулер жүргізу және істерді қарау сияқты қажетті ақпаратты, оның ішінде  мемлекеттік билік органдарынан, заңды және жеке тұлғалардан құпия ақпаратты сұратады және алады, - деді ол.

Осы келісім құпия ақпаратпен жұмыс істеу тәртібін реттейді және комиссия қызметкерлерінің құпия ақпаратты алған кезде оны жария еткені үшін жауапкершілігін регламенттейді. 

Келісімге 2014 жылғы 12 қарашада Қазақстан Республикасы Ресей Федерациясымен және Беларусь Республикасымен бірлесіп қол қойды. Қырғыз Республикасы мен Армения Республикасы келісімге кейінірек қосылды. 

Ратификацияланатын Хаттама редакциялық сипаттағы өзгерістер енгізу арқылы келісімнің мәтінін Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес келтіру үшін «тараптар» деген сөз «мүше мемлекеттер», «бірыңғай» деген сөз «жалпы», «қызметкерлер» деген сөздер «лауазымды адамдар мен қызметкерлер» деген сөздермен ауыстырылды. Осылайша, Хаттаманы ратификациялау және қабылдау Еуразиялық экономикалық комиссияның Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың ережелеріне сәйкес бәсекелестіктің жалпы қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерін толық іске асыруды қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді, - деп толықтырды Серік Жұманғарин Мәжілісте.

Депутаттар заң жобасын талқылап, өзгерістер енгізуге қолдау білдірді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы