Мәжіліс депутаттары Атырауға барды

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Құрманзағы ауданына қарасты Азғыр өңірінің тұрғындарымен кездесті. Іс-сапардың басты мақсаты – аталған елдімекенге газ құбырын тарту және оның жұмыс барысымен танысу.

Тұрғындармен кездесуге Парламент депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Абай Тасболатов, Тарас Хитуов, Сергей Симонов және Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов келді. Бақтықожа Ізмұxамбетов өз сөзінде ағымдағы жылдың мамыр айының соңына дейін 10 елді мекенге газ тартылатынын атап өтті.

«Бұл елді мекендегі ең үлкен жұмыс - газ жүргізу. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев осыны аяқтауға жұмыстануда. Біз жұмыс барысының қалай жүріп жатқанымен таныстық. Ұзындығы 365 шақырымды құрайтын бұл жобані іске асыру оңай емес, сәтті аяқталғалы жатыр. Алдымыздағы мамыр айының аяғында іске қосылады деп жоспарлануда. Бір айдың көлемінде халыққа көгілдір отын жететін болады. Сонда 10 елді мекен газбен қамтылатын болады",-дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Сондай-ақ, депутат атаулы әлеуметтік көмек, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды қолдау және жалақы өсіру төңірегінде Елбасы қабылдаған тапсырмаларды халыққа таныстырып өтті. Жиын соңында мәжіліс депутаттары тұрғындардың көкейкесті сұрақтарына жауап берді.

Айта кетейік, көгілдір отын 8 мың тұрғыны бар 10 елді мекенге тартылуда. Азғыр аймағындағы газ құбырының жалпы ұзындығы 365,242 шақырым.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы