Депутаттар әр балаға 70 мың теңгеден жәрдемақы тағайындауды ұсынды

Қазақстан Халық партиясының фракциясы атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) алып тастау қажет деп санайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаттары АӘК-тің орнына әр балаға 70 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы тағайындауды ұсынып отыр.

Қазақстан Халық партиясының фракциясы атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) алып тастау қажет деп санайды. Өйткені оны алу үдерісі күрделі және қорлау түрінде жүзеге асырылады, - деді Мәжіліс депутаты Гауһар Танашева.

Оның айтуына қарағанда, АӘК-ге үміткер болу үшін көпбалалы, жұмыс істемейтін аналарға жүздеген сынақтан өту керек. Әдетте әйелдер бюрократия мен мемлекеттік органдардың әуре-сарсаңынан салы суға кетеді.

АӘК-ті алып тастау ең жақсы шешім болмақ. Бұл жағдайда балаларға төленетін жәрдемақының мөлшерін арттыру қажет. Әр балаға нақты көлемде, жұмсауға жеткілікті мөлшерде бірыңғай жәрдемақы төлеген дұрыс. Біз ең төменгі жалақы мөлшерінде әр балаға 70 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы тағайындауды қарастыруды ұсынамыз, - дейді Танашева.

Мысалы, 4 балаға берілетін жәрдемақы 280 мың теңгені құрайды. 2 балаға 140 мың теңге тағайындалады. Қазіргі уақытта 4 бала 55 340 теңге жәрдемақы алады. Әр балаға айына 13 826 теңге бөлінеді.

Бұл әлеуметтік қолдаудың ақылға қонымсыз мөлшері. Мұнда инфляцияның тұрақты өсуі, экономикалық тұрақсыз жағдай, тұрғын үйдің жоқтығы және халықтың осы санатындағы адамдардың тұрақты жұмыспен қамтылмағаны ескерілмеген. АӘК және 18 жасқа дейінгі бірыңғай балалар жәрдемақысын есептеу әдістемесін қарауды сұраймыз, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Егемен Қазақстан
Өзгелердің жаңалығы