Депутатар «Атырау-Астрахань» жолын қалпына келтіруді бақылауға алды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов, Сәлімжан Нақпаев және Серік Ерубаев Атырау облысы Исатай ауданының тұрғындарымен кездесті. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шарада Атырау-Астрахань жолының құрылыс барысы талқыланды. Мәселені талқылауға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «Қазавтожол», «Қазавтодор» компанияларының өкілдері, мердігер ұйымдар мен Атырау облысы әкімдігінің өкілдері қатысты.
Тұрғындарды жұмыстың кешігіп бітуі, адам өліміне әкелетін жол апатарының көбейіп кетуі алаңдатып отыр. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар жолдың уақтылы суарылмауынан болатын қалың шаңға шағымдануда. Ал климаттың ерекшеліктері бұл мәселені одан әрі ушықтыра түседі. Тұрғындардың жұмыс сапасына қатысты сұрақтары да көп. Мысалы, мал айдау жолы қамтамасыз етілмеген, бұл кейіннен үлкен қиындықтар туғызуы мүмкін. Атыраулықтар жөндеу жұмыстары мен оның аяқталу мерзіміне бақылауды күшейтуді сұрайды.
Атырау-Астрахань жолы 1975 жылы салынған. Оның жөндеу жұмыстары 2019 жылы басталған. Жалпы ұзындығы 277 шақырымды құрайтын тас жолды жөндеуге кеткен шығын 87,4 миллиард теңгені құрайды. Жобалық қатеге байланысты кезінде жолды қайта жөндеу жұмыстары кестеден кеш калған болатын. Бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері жолдағы қозғалыс ағымдағы жылдың соңына дейін ашық болатынын, жұмыстарды толық аяқтап, пайдалануға беру 2023 жылға жоспарланғанын атап өтті.
Депутаттар бақылауды күшейту мақсатында жергілікті тұрғындармен осындай кездесулерді тоқсанына бір рет өткізуге келісіп, ерекше бақылауға алды.
Дүйсенбай Тұрғанов жергілікті тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру жағдайлары, олардың қауіпсіздігі, өңірдің дамуы, жалпы еліміздің транзиттік-көліктік әлеуеті осыған байланысты екенін айта келіп:
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл мәселеге ерекше назар аударып, оның мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңыздылығын атап көрсетеді. Бұл мәселені біз бақылауға алып қана қоймай, жақын уақытта атыраулық депутаттар атынан Үкіметке арнайы депутаттық сауал жасауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ тұрғындармен кездесуде Қарабау-Индер тас жолын қалпына келтіру жұмыстарының барысымен таныстық. Бұл жерде мәселе қаржының жеткіліксіздігінен жұмыстардың аяқталуын кейінге қалдыруда, - деді.
Парламент депутаты ретінде мәжілісмендер республикалық бюджетті нақтылау кезінде жобаны қосымша қаржыландыруға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.