Депутат: ЖИ жүйелерін міндетті сақтандырудан уақытша бас тарттық
Қазақстанда жасанды интеллект жүйелерін міндетті сақтандыру енгізілмейді. Бастапқы кезеңде бұл салада тек ерікті сақтандыру тетігі қолданылады, өйткені сақтандыру нарығы әлі мұндай жаңа өнімдерге дайын емес. Бұл туралы Сенат кулуарында Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева "Жасанды интеллект туралы" заң жобасының кейбір ережелеріне түсініктеме бере отырып мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бізде жасанды интеллект жүйелерінің тәуекел деңгейіне қарай орташа, жеңіл және басқа да түрлері бойынша тек ерікті сақтандыру қарастырылған. Себебі қазіргі таңда мұндай жүйелерге арналған арнайы сақтандыру өнімі жоқ. Міндетті сақтандыру кезеңіне өтуге нарық әзір емес, – деді депутат.
Екатерина Смышляева атап өткендей, жасанды интеллект жүйесінің өзін сақтандыру мүмкін емес, өйткені ол құқық субъектісі болып саналмайды. ЖИ жүйесінің әрекетіне байланысты жауапкершілік әрқашан адамға – оның иесіне немесе оны басқаратын тұлғаға жүктеледі.
Біз жүйенің өзін сақтандырмаймыз, себебі ол субъект емес және жауапкершілік ала алмайды. Барлық жағдайда жауапкершілік адамға жүктеледі. Жүйенің иесіне, оны басқарып, соңғы шешімді қабылдайтын тұлғаға. Сондықтан сақтандыру нысаны – адам, жүйе емес, – деп нақтылады депутат.
Мәлімдеуінше, қазіргі таңда әлемнің бірде-бір елінде жасанды интеллект жүйелеріне міндетті сақтандыру енгізілмеген, себебі бұл үшін арнайы актуарлық модельдер мен сақтандыру өнімдері әзірленбеген.
Әлемнің ешбір елінде жасанды интеллект жүйелері үшін міндетті сақтандыру жоқ. Мұндай міндетті енгізу үшін ең алдымен сақтандыру өнімі болуы қажет. Ал әзірге ондай өнім жоқ, – деді Смышляева.
Депутаттың сөзінше, сақтандыруды ерте міндеттеу және талаптарды күшейту саланың дамуына кері әсер етуі мүмкін.
Егер сақтандыру өнімі дайын болмай жатып міндетті талап енгізілсе, бұл салада теңгерімсіздік тудырып, сақтандыру компанияларының пайдасына қарай ауытқушылыққа алып келуі мүмкін. Яғни, әлі қалыптаса қоймаған технологияны шамадан тыс реттеу қаупі бар, – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар заң жобасында жоғары деңгейдегі автономды жүйелерге, соның ішінде пилотсыз көлік құралдарына қатысты жеке тәсіл қарастырылған.
Егер болашақта жолға пилотсыз көліктер шықса, олар үшін сақтандыру қазіргі қолданыстағы салалық модельге енгізіледі. Яғни сақтандыру компаниялары өз өнімдерін соған бейімдейді, бірақ бұл арнайы жасанды интеллект жүйелеріне ғана қатысты болмайды, – деді депутат Екатерина Смышляева.
Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева мемлекеттік қызметшілердің ChatGPT және өзге де жасанды интеллект жүйелерін қолдануына қатысты пікір білдірді.