Депутат ЖИ министріне: Интернетсіз қалған халық жасанды интеллекттен де шет қалмай ма?
Мәжілісте өткен “Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту” тақырыбындағы парламенттік тыңдау кезінде депутат Темір Қырықбаев шекаралық аймақтарда интернетке қолжетімділік мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол бұл түйткілдің жасанды интеллектті дамытуға тікелей әсер ететінін атап өтті.
Еліміздегі егін егетін өңірлердің барлығы – оңтүстік те, солтүстік те шекаралық аймақтарға жатады. Бұл өздеріңізге белгілі. Алайда дәл осы өңірлердің өзінде интернет мәселесі өзекті болып тұр. Біз әлі күнге дейін интернетпен толық қамтамасыз ете алмай отырмыз. Ал жасанды интеллект технологиясының өзі интернетке қосымша жүктеме салады. Осы орайда сұрақ туындайды: интернетсіз қалған халық жасанды интеллекттен де шет қалмай ма? Осыған қатысты қандай дайындықтарыңыз бар? – деді депутат.
Сауалға жауап берген Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев шекаралық аймақтарда интернет инфрақұрылымын жақсарту үшін нақты жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.
Шекаралық аймақтардағы интернет байланысы мәселесін шешу үшін біз қазіргі таңда “Қазақтелеком” компаниясымен келісімшартқа қол қойдық. Келесі жылдың соңына дейін 3 мыңнан астам ауылды интернетпен қамтамасыз ету жоспарда бар. Оның ішінде шекара маңындағы елді мекендер мен шекаралық бақылау-өткізу пункттеріндегі инфрақұрылым да ескерілген. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдармен бірлесіп тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді министр Жаслан Мәдиев.