Депутат жерді заңсыз бөлген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін нақтылауды сұрады

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында жер мәселесіне ерекше мән беріп, оны халық игілігіне беру керектігін тапсырған болатын.

Жер қадірін білетіндерге берілуі тиіс, – деген нақты тапсырма берілген.

Балабиевтің пікірінше, жер – халық ырысы мен елдің тірегі, мемлекеттің тәуелсіздігін айқындайтын және ұлттық экономикалық және рухани құндылықтардың негізі. Ата-бабамыз да “Жер дауы – ел дауы” деп бекер айтпаған.

Алайда соңғы жылдары еліміздің түрлі өңірлерінде, әсіресе ірі қалалар мен облыс орталықтарында бір мәселе туындап отыр. Көп жағдайда заңды түрде берілген жер телімдері кейін “заңсыз” деп танылып, мемлекет меншігіне қайтарылуда.

Бұл жағдай әдетте жаңа бас жоспарлардың енгізілуі немесе бюрократиялық түсінбеушіліктермен байланысты. Нәтижесінде, азаматтар өз қаражатымен салған үйлері мен жерлері бір сәтте “заңсыз құрылыс” мәртебесіне ие болып, әлеуметтік тұрақтылыққа және өмір сүру сапасына кері әсерін тигізіп келеді, – деді депутат Балабиев.

“AMANAT” партиясының фракциясы Парламентте халық құқықтарын қорғауды, азаматтардың еңбегі мен мүлкін сақтауды басты назарда ұстайтынын атап өтті.

Депутаттың сауалдағы негізгі сұрақтары:

  1. Қалалардың және елді мекендердің бас жоспарларын бекіту мен өзгерту тәртібін қайта қарау, негізсіз және жиі өзгерістерге жол бермеу.
  2. Азаматтар заңды түрде алған және тұрғын үй салған жер телімдерін “заңсыз” деп тануға жол бермеу жөнінде бірыңғай құқықтық нормалар бекіту.
  3. Жерді заңсыз немесе бақылаусыз бөлген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін нақтылау.
  4. Мемлекет немесе қоғамдық қажеттілік үшін алынатын үйлер мен жер телімдеріне қатысты өтемақы төлеу жүйесін жетілдіру.
  5. Жер және тұрғын үй қатынастарына қатысты дауларды сотқа дейін шешудің тиімді тетіктерін дамыту.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы