Депутат Жайық өзенін қайта қалпына келтіру үшін қандай шара қабылдау қажет екенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Сәлімжан Нақпаев Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға Жайық өзенінің бүгінгі жағдайына қатысты сауал жолдады.

Соңғы бірнеше айда Батыс Қазақстан және Атырау облыстары арқылы өтетін Жайық өзенінің деңгейі күрт төмендеп, апатты жағдай қалыптасып отыр. Бұған, әрине, көптеген антропогендік фактор себеп. Бірақ негізгі себеп - судың табиғи өнуінің төмендеуі және Ресей Федерациясындағы су пайдаланушылардың бірнеше есеге көбеюі, - деді ол.

Нақпаев атағандай, бұрын соңды болмаған, судың азаюынан, өзен ортасында төбешік аралдар бой көтере бастады. Бұл көрініс бүгінде екі облыстың халқына алаңдаушылық тудырып отыр.

Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысының Орал қаласымен төрт ауданын, Атырау облысының Атырау қаласымен үш ауданын, барлығы 1 миллионға дейін халықты ауыз сумен қамтып отырған мұндай стратегиялық өзеннің жағдайы мүшкіл. Сол себепті уақытты өткізбей, халықты ауыз сумен қамтудың қосымша жолдарын қарастырып қойғанымыз артық болмайды. Ол үшін мамандарды тартып, алдымен облыстар территорияларындағы жер асты суларының қорын қайта есептеу, Атырау облысындағы Жаңасу, Бали сияқты су кен алаңдарындағы далаға ағып жатқан 180 өзағар гидрогеологиялық ұңғыларды шұғыл түрде тоқтату, Каспий теңізінде су тұщыту қондырғысын орнату мүмкіндігін қарастыру, су қоймасын салу, қалалардағы шаруашылықтарды техникалық сумен қамту, Ақтөбе облысында қоры зерттеліп жатқан Көкжиде су кен орнынан су құбырын тарту, жалпы екі облыс көлемінде су пайдалану тәртібін қайта қарау, үнемді пайдалану, тағы басқа жолдарды қарастыра беру керек, - деп айтты Мәжіліс депутаты.

Сәлімжан Нақпаев Үкімет қазірден бастап облыстармен бірігіп жоспар жасақтауға кірісуі қажет екенін айтты.

Жайық өзенінің тарихына қарасақ, сонау 1937-1938 жылдары осылайша су деңгейінің төмендеуі болған және ол кейін қайта қалпына келген. Өкінішке қарай, бүгінгідей әлемдік климаттың өзгеруі болып жатқан уақытта бір күндері өзен деңгейі орнына келеді деп күтіп отыруымыз орынсыз. Мүмкін біз ойлағандай жағдай бұдан да мүшкіл күйге жетпей, су деңгейі бірқалыпты болып, халық қиындық көрмес. Бірақ уақытты жібермей, болып қалуы мүмкін қиындықтың алдын алып, тіршілік жасауымыз керек деп ойлаймыз, - деп айтты ол депутаттық сауалында.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы