Депутат жаттықтырушылардың жалақысын көтеруді ұсынды

Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан паралимпиадашылардың мәселесін көтеріп, бірнеше ұсыныс айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Сейтжан айтқандай, 22-28 қазан аралығында Ханчжоу қаласында (Қытай) IV Пара Азия ойындары өтті. Оған әлемнің 45 елінен 3800-ге жуық параспортшы қатысқанын атап өтіп, Қазақстан құрамасы командалық есепте 11-орынды иеленгенін еске салды. Депутат атап өткендей, құрама қоржынында - 41 медаль: 8 алтын, 12 күміс және 21 қола.

Бұл қазақстандық паралимпиадашылардың Азиада тарихындағы үздік нәтижесі. Дей тұрғанмен, егерде біздің спортшыларымыздың сенімді жабдықтары, қажетті құрал-саймандары түгел болып, дер кезінде жаттығу жасауға толық мүмкіндіктері бар болғанда, медальдар саны бұдан да көп болуы мүмкін еді, - деп айтты ол.

Депутат Үкіметке жолдаған сауалында саладағы мәселені шешу үшін өз ұсыныстарын айтты.

1) Жоғары жетістіктегі кәсіби спортты қаржыландыру жүйесін анықтау және жетілдіру. Тек олимпиадашыларға ғана емес, паралимпиадашыларға да тиісінше қаржы бөлінуі үшін. Паралимпиадашыларға толық көлемде спорттық форма, киім-кешек, құрал-сайман, жаттығу үшін жағдай және басқа да қажетті мемлекеттік қолдау көрсетілуі тиіс.

2) Атыраудың «Балықшы» параволейбол клубында қалыптасқан жағдайды шешу және жосықсыз мердігерді жауапқа тарту.

3) Бұқаралық спортты енгізу мақсатында мүгедектігі бар адамдар үшін спорт залдары мен орталықтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұқаралық спорт «Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған дене шынықтыру мен спортты дамыту» Тұжырымдамасында талап етілгендей барлығына қолжетімді болуы тиіс.

4) Паралимпиадалық және суроолимпиадалық спорт түрлерінен ҚР ұлттық құрамасы жаттықтырушыларының жалақысын көтеру.

5) Паралимпиадалық және сурдоолимпиадалық спорт түрлері бойынша қосымша комитет құрылсын және ҚР Туризм және спорт министрлігінің штатына паралимпиадалық және сурдоолимпиадалық спорт түрлерінің кеңесшісі лауазымы енгізілсін.

6) Қолданыстағы спорт бойынша алмасу институтына ұқсас параспорт бойынша алмасу институтын құру.

7) Параспорт және сурдоспорт үшiн спорттық арнаулы киім-кешекті, құрал-сайманды және арнайы техникалық құралдарды сатып алу жөнiндегi бiрыңғай мемлекеттiк дистрибьюторлық құрылым құру.

8) Паралимпиада және сурдоолимпиада спортын дамыту мәселелерін жеке бақылауға алуыңызды сұраймыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы