Депутат: Жастар жұмыс пен жалақыға келгенде "тым көп нәрседен үмітті"
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жастар үнемі жұмыссыздықты алға тартады, ал бизнес қауымдастық «жұмыс істейтін адам жоқ» дейді.
Бәлкім, мәселенің түп-төркіні – көп жастардың мемлекеттік қызметке, я болмаса офисте отырып жұмыс істейтін жоғары лауазымға ұмтылуында болар. Осы орайда Қазақстанда бос жұмыс орындары жетіп артылғанымен, неліктен жастар "жұмыс жоқ" деп шағымданады? Неге әлеуметтік мембағдарламалар ауылдарда емес, тек қалаларда ғана іске асырылады? Осы және өзге де түйіткілді мәселелерді ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Нұржан Әлтаев тілге тиек етті.
Менің ойымша, жастар жұмыс орындары мен жалақыға келгенде "тым көп нәрседен үміттенеді". Сонда, қарама-қайшылық неден туындап тұр деген сауал туындайды. Жастар үнемі жұмыссыздықты алға тартады, ал бизнес қауымдастық "жұмыс істейтін" адам жоқ дейді. Себебі, жастардың көпшілігі өндіріске емес, мемлекеттік қызметте, я болмаса офисте отыратын қызметке ұмтылады. Немесе басқа бір мәселе бар болуы мүмкін. Мен Парламент депутаты ретінде ниет білдірген жастармен кездесіп, жаңа бастамаларды қолға алуға дайын екенімді жеткіземін, - деді депутат бүгін елордада өткен "Жас ұрпақтың жаһандық көзқарасы" атты III қазақстандық жастар форумында.
Депутат түрлі дау-дамай мен алауыздықтарды тоқтатып, жұмылу мен бірігудің уақыты келгенін айтты. Ол Қазақстан Орталық Азияда көш бастаған "лидер" болып, әрі қарай өсіп-өркендеуі үшін жастарды қолдау тетіктерінің алар орны орасан зор деп санайды.
Мен айтқым келеді, қандай жағдай болмасын елдегі саяси, экономикалық үрдістерден жастар тысқары, бейтарап қалмауы керек. Бәрінің басы-қасында болуы тиіс. Бірақ, кейбір жайттар бар, мен ұзақ уақыт жеке бизнеспен айналысқан адам ретінде айтып отырмын. Білесіздер, 4 жыл бойы Ұлттық кәсіпкерлер палатасында да қызмет еттім. Қазақстандағы кәсіпкерлерді алаңдататын ең негізгі мәселе – жұмысшы жастардың жетіспеушілігі. Жуырда Шымкенттегі фермерлермен кездестім. Сонда түсінгенім, нөмір бірінші мәселе – кадрлардың тапшылығы. Ал, енді, жастармен кездескенімізде – мүлдем басқа сұрақ алдымыздан шығады. Сол сәтте мен бір нәрсені түсінбеймін. Бір жағынан – өте көп бос вакансиялар бар, ал бизнес өкілдері "жұмыс істейтін жастар жоқ" дейді, - деп түсіндірді Нұржан Әлтаев.Форумда сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты 2020 жылы барлық жастар ұйымдарын белсенді жұмыс істеуге шақырды.
Өз кезегінде депутат Әлтаев тағы бір күн тәртібінде тұрған өзекті түйткілге тоқталды. Ол жастарға арналған барлық әлеуметтік бағдарламалар тек ірі қалаларда жүзеге асырылып жатқанын алға тартты. Яғни, айтулы мембағдарламалар ауыл жастарына арналмаған.
Кезекті бір мәселе – ауыл жастарының ірі қалаларға көптеп ағылып жатқаны. Басым бөлігі қаладан дер кезінде жұмыс таба алмай, заңсыз әрекеттер мен құқықбұзушылықтар жасап жатады. Шынымен де, жастарды демеуге, қолдауға бағытталған әлеуметтік бағдарламалардың барлығы тек үлкен қалаларда ғана іске асырылады. Оған көзіміз жетті. Мәселен, "7-20-25" бағдарламасының ауыл жастарына түк қатысы жоқ, - деген Парламент депутаты нақты ауылдарға арналған арнайы бағдарламаны әзірлеу қажет екенін мәлім етті.
Әлтаевтың сөзіне сүйенсек, ауылда орналасқан шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпорындарға мамандар қажет.
Бірақ, тұрғын-үй мәселесі сияқты көптеген әлеуметтік нюанс шешілмеген. Біз жастардың тек ірі қалаларға ұмтылғанын қаламаймыз, алайда ауыл үшін емес, сол үлкен қалалар үшін барлық жағдайды жасап қойғанбыз, - деп шегелеп айтты депутат.