Абзал Құспан: Жаңа Конституцияда басты басымдық – адам құқығы
Депутат Конституциядағы басты принциптерді де ерекше атап өтті.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан «Конституциялық реформа және қоғамдық диалог: келешекке бағдар» атты сараптамалық алаңда жаңа Конституция жобасының негізгі мәнін адам және адамның құқықтарына басымдық беру деп сипаттады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл жобаның ең негізгісі – қазіргі Конституциядағы акцентті мемлекеттік органдардан адам мен адамның құқықтарына ауыстыру, – деді депутат.
Оның айтуынша, 1995 жылғы Конституцияда негізгі назар мемлекеттік органдарға берілген, себебі Қазақстан жаңа тәуелсіздік алған, мемлекеттік құрылымы толық қалыптаспаған кезеңде болған. Сол кезде прокуратура мен сот саласы басты назарда болған.
Қазіргі жобаның ерекшелігі – мемлекет ретінде адам құқықтарын бірінші орынға қою. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кейбір сарапшылар Қазақстан тәуелсіздігін сақтай алмайды деп айтқан еді. Бүгінде біз бұл пікірлерді жоққа шығарып, Қазақстанның негізі бекіген, тұрақты мемлекет екенін әлемге көрсетіп отырмыз, – деп атап өтті Абзал Құспан.
Депутат Конституциядағы басты принциптерді де ерекше атап өтті. Олар: заң және тәртіп, әділетті Қазақстан.
Заң және тәртіп сақталған жағдайда ғана мемлекет дамиды. Дамыған елдердің тәжірибесінен көріп отырмыз: заң мен тәртіп бар елде болашақ жарқын, инвесторлар қаражат бөлуге дайын, – деді ол.
Сондай-ақ, жаңа Конституциялық жобада жеке адамдардың құқықтарын қорғауға ерекше мән берілген.
Әр азаматтың ар-намысы Конституциямен қорғалады. Бұрын бұл принцип қолданыстағы заңдарда бар еді, енді конституциялық деңгейге көтеріліп, жеке тұлғаның құқығын қорғауда ерекше маңызды болып отыр, – деді депутат.
Абзал Құспан Мирандо қағидасының енгізілуін де мысал ретінде келтірді.
Бұл қағида бойынша, тергеу немесе сотта күдікті өзінің құқықтары туралы ескерілмеген жағдайда, оған тағылған айыптар бұзылуы мүмкін. Қазіргі жобада бұл норма тікелей қолданылатын құқықтық механизм ретінде енгізілген, – деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ, депутат адвокатура институтын Конституцияға алғаш рет енгізу маңызды жаңалық екенін атап өтті. Бұрын адвокаттар прокуратурамен тең дәрежеде жұмыс істей алмаған болса, енді адам құқықтарын жоғары деңгейде қорғауға кепілдік беретін институт ретінде бекітілді.
Құқықтық суверенитет бірінші орында. Кез келген азамат өз құқықтарының бұзылғанын сезсе, Конституциялық сотқа жүгіне алады. Заң шығару барысында Парламенттен өткен заңдар да Конституциялық сотпен тексеріледі. Осы арқылы адам құқықтары мен бостандықтарына берілген басымдық нақты орындалады, – деді Мәжіліс депутаты.
Бұған дейін саясаттанушы Марат Шибутов еліміздегі конституциялық өзгерістер азаматтардың саясатқа қатысуын кеңейтетінін айтқан еді.