Депутат залалды өтеу қағидаларын қайта қарауды ұсынды

Тасқын судан зардап шеккен өңірлерде қазіргі кезде келген залалды өтеуге біржолғы көмек төлеуге құжаттар қарқынды түрде қабылданып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алайда үйлері су астында қалған көптеген тұрғындар мемлекет тарапынан қажетті материалдық қолдау болмай қалуы мүмкін деп алаңдап отыр. Сенатор Әсем Рахметова өзінің депутаттық сауалында зардап шеккендердің проблемаларын көтерді.

Зардап шеккендермен кездесу барысында қираған немесе су басқан үйлердегі мүлікке қатысты залалдың мөлшерін дәлелдеу кейбір адамдарға қиынға соғады деген сұрақтар сенаторға жиі қойылды. Өз мүлкін ресми тіркеп үлгермегендер, сондай-ақ саяжайларда үй салғандар да қиын жағдайға тап болуда.

Су басқан елді мекендердегі үйлерде жалға тұрып жатқандар мемлекеттен берілетін бір жолғы өтемақыға қол жеткізе алмайды. Есепшоттары бұғатталған тұрғындарға берілетін бір жолғы өтемақы банктер тарапынан кредиттік қарызды жабуға ұсталып қалады. Сенаторлардың өңірлерге сапары кезінде эвакуация пункттеріндегі жергілікті тұрғындар осы маңызды мәселелерді көтерді және республикалық деңгейде оң шешім іздестіруде көмек көрсетуді сұрады, - деді сенатор Рахметова.

Депутат осыған байланысты залалды өтеу қағидаларына өзгерістер енгізуді, атап айтқанда, су тасқыны кезінде толық қирау не жоғалту себебінен бағалау жүргізу мүмкін емес тұрғын үй үшін залалды өтеу тетігін әзірлеуді, сондай-ақ тұрғын емес құрылыстар мен мүлікке келген, оның ішінде су тасқыны кезеңінде жоғалған залалды өтеуді енгізуді ұсынды.

Саяжай учаскелерінде тіркелген және тұратын азаматтарға келген залалды өтеу тетігін қарастыруды, төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге келген залалды өтеуге құжаттарды беру мерзімін 30-дан 60 күнге дейін қайта қарауды, жеке не мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға берілетін үйлерде тұратын азаматтардың мүлкіне келген залалды өтеу тәртібін айқындауды ұсынамын. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде шоттары тұтқындалған зардап шеккендер үшін арнайы шоттар ашу көзделсін, - деді депутат Әсем Рахметова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы