Депутат ядролық физика институтының қызметімен танысты
Сенатор Нұртөре Жүсіп ядролық физика институтының қызметімен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Ядролық физика институтының басшылығымен және ғалымдарымен кездесті. Сенатор өткен жылы Парламент қабылдаған ғылым саласы қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға бағытталған заңдар туралы айтып берді.
Депутат сондай-ақ институттың материалдық-техникалық базасымен, ядро бөлшектерін зерделеуге қажетті құралдар және жабдықтармен, оны іс жүзінде қолдану барысымен танысты. Депутат ядролық физика саласындағы кадрларды қайта даярлау мәселесіне ерекше назар аударды.
Ядролық физика институты құрылғаннан бері тарихы өте бай және институт базасында жүзеге асып жатқан стратегиялық жобалардың маңызы зор. Тиісінше институтты сапалы кадрлармен толықтыру мәселесі және оларды қайта даярлау мекеменің басты міндеті болуы тиіс, - деді сенатор.
Кездесуге қатысушылар бүгінгі таңда еліміздің халқы арасында кеңінен талқыланып жатқан атом электр станциясын салу тақырыбын да қозғады. Атом электр станциясын салу, оны қауіпсіз пайдалану және оның елімізге тигізетін пайдасы мәселесіне еліміздің азаматтары қатты алаңдайтыны атап өтілді.
Мемлекет басшысы жақында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған сұхбатында атап өткендей, атом электр станциясын салу - біздің экономикамыздың болашағы мен энергетикалық қауіпсіздігіміз үшін маңызды мәселе. Құрылыс мәселесі бойынша тиісті қоғамдық тыңдаулар өткізілетін болады. Институт бұл мәселе бойынша әрқашан алдыңғы қатарда болуы тиіс және бетке ұстар мекеме ретінде әрекет етуі керек деп санаймын, - деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.
Кездесу барысында институтта АЭС үшін мамандар даярлауға арналған барлық қажетті инфрақұрылым, атап айтқанда, ВВР-К стационарлық зерттеу реакторы, шұғыл әрекет тақтасы,сан түрлі үдеткіштер бар екені, сондай-ақ үш оқу орталығы жұмыс істейтіні атап өтілді.