Депутат утиль алым мәселесін көтерді
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы палатаның жалпы отырысында утиль алым мен алғашқы тіркеу мәселесін көтеріп, жауапты министрлік басшысына сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сіздің министрліктен жауабын ала алмай жүрген мәселем бар еді. Енді соны жалпы отырысқа келгеннен кейін өзіңізден сұрайын деп отырмын. Біздің елде шешілмей жатқан бір мәселе бар. Оны өзіңіз жақсы білуіңіз керек. Бұл – утиль алым мен алғашқы тіркеу мәселесі. Қазір ондаған, жүздеген мың қазақстандық осы мәселемен алаңдап, талай жерде бастама көтеріп, мәселенің шешілуін талап етіп жатыр, - деді ол.
Нартай Аралбайұлы осы мәселе жөнінде депутаттық сауал жолдағанын, кейін бірқатар депутатпен арнайы дөңгелек үстел де өткізгенін айтты.
Жиында ІІМ, Қаржы, Ауыл шаруашылығы, Экология, Ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері осы төлемдердің азаюына қарсы емес екенін білдірді. Тек осы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі, сіздің комитет төрағаңыз ғана “бұл төлемдер қажет, осы күйінде сақталуы керек” деді. Одан кейін депутаттар болып нақты қандай себептермен сақталуы керек екенінің тізімін сұрап, 7 күн уақыт бердік. Өткен сейсенбі күні ол уақыт өтті. Сіздің министрліктен бірден-бір хат алған жоқпыз. Бір ресми жауап алған жоқпыз. Сондықтан сұрағым келетіні: бұл төлемдердің нақты қазір төмендеуіне неге қарсысыздар? Қандай негіздемелер бар? Неге халықпен ашық диалог жүргізілмейді? – деп сұрады мәжілісмен.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев депутаттың қойған сұрағы бүгінгі тақырыпқа сай келмейтінін айтты.
Мен сізге нақты жауап беремін. Бірақ сұрағыңыз бүгінгі тақырыпқа қатысты емес. Сондықтан сізбен жеке кездесіп, жауабын береміз, - деп қысқа қайырды ведомство басшысы.