Депутат: Ұстаздар қиын-қыстау кезеңге қарамастан шәкірттеріне білім беруден танбады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қазақстан мұғалімдері кәсіби мерекелерін атап өтіп жатыр. Осыған орай, Парламент депутаты Әмірхан Рахымжанов ұлағатты ұстаздарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Қымбатты ұстаздар қауымы! Баршаңызды айрықша кәсіби мереке – Мұғалім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», - деген екен. Иә, жер бетіндегі әрбір адам баласының жүрегінде ата-анасының тәрбиесінен кем емес тәлім-тәрбие, білім нәрімен сусындатқан ұстаздары өмір бойы сақталары сөзсіз, - деді ол.

Мәжіліс депутаты жазбасында білім саласындағы әріптестерін жылы сезіммен еске алды.

Мен де бүгінгі атаулы күні он жыл білім берген алғашқы ұстаздарымнан бастап, Семей педагогикалық институтында мұғалімдікке баулыған оқытушыларымды, алғаш еңбек жолымды бастаған мектебімдегі ұстаздар ұжымынан бастап, Семей, Шығыс Қазақстан облыстық, елордалық білім басқармалары, Білім және ғылым министрлігінде білім саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша ортақ істі бірге атқарған әріптестерімді қуанышпен, аса жылы сезіммен есіме аламын. Өткенге көз жүгіртер болсақ, биыл қастерлі тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап отырған елімізде білім саласын дамыту мәселесі әрдайым басты басымдықтардың бірі болды. Егемендіктің алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңдерге қарамастан ұстаздар қауымы қасиетті қара шаңырақ – мектепті тастамай, басты парызы - шәкірттеріне білім беруден танбады, - деп айтты Әмірхан Рахымжанов.

Оның пікірінше, қазіргі уақыттағы егемен еліміздің жеткен толағай табыстарының, оның ішінде отандық білім саласындағы жетістіктерінің бастауында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көшбасшылық қайраткерлігімен қатар, астанамыздан бастап шалғай ауылдардағы «Ұстаз» деген ұлы есімге кір келтірмеген мұғалімдер қауымының ерен еңбегі тұр.

Қазіргі уақытта білім саласында барлық мәселе шешілді деп айта алмаймыз. Заман өзгерген сайын, кезең-кезеңмен жаңа міндеттер қойылып, мемлекет тарапынан оларды шешудің тиімді жолдарын қарастырылуы - заңдылық. Осыдан бір ай бұрын Парламент қабырғасында жарияланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауында отандық білім саласын дамыту мәселесіне «Сапалы білім беру» атты дара тарау арналды. Жолдауда алдыңғы жылдардағыдан да асып түсетін пәрменді іс-шараларды іске асыру ұсынылды. Бұл - мемлекет тарапынан ұстаздарды қолдау саясатының әрдайым жалғаса беретіндігін, қоғамда педагогтар рөлінің аса жоғары екендігін тағы да бір дәлелдеді. Қадірлі ұстаздар! Осы сәтті пайдаланып, отбасыңызға амандық-саулық, бақ-береке тілеймін! Ұрпақ тәрбиелеу ісіне қосқан үлестеріңіз еселене берсін! Мереке құтты болсын ағайын! – деп жазды депутат.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы